Жас кинорежиссерлер қолдауға зәру

Кино – техника мен өнердің, әдебиет пен музыканың, бейнелеу мен актерлік шеберліктің басын қосқан құдірет десек артық айтқанымыз емес. Осы орайда, халқымыздың бұл өнер саласында өзіндік орны бар екені тағы ақиқат. Жалпы, қазақ киносы кеңестік кезеңнің өзінде танылып үлгерсе, бүгінде әлемдік деңгейде мойындалуда.

Иә, қазақ киносы дегенде алдымен Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев секілді тұлғалардың есімдері ойға оралады. Ал, осы біртуар азаматтардың орнын басатын, олардың өнерін жалғастыратын режиссерлер мен кино түсірушілер бүгінде бар ма? Әсіресе, өнердің қай саласында болмасын толайым табысқа кенелген Жамбыл жеріндегі жағдай қандай? Әрине, өңірлік кино туралы әңгіменің әлқиссасын Жамбыл облыстық кино орталығынан бастаған жөн болар. Егер тарих беттерін парақтасақ, аймақтық кино саласының тамыры 1938 жылдан бастау алады екен. Жоғарыда аталған орталық 1998 жылға дейін кино жүйесі басқармасының құрамында халыққа мәдени қызмет көрсетіп келген. Қазіргі таңда ол мекеменің алтын қорында
1 219 дана көркем фильм, 1 644 деректі фильм, 25 мультипликациялық туындылар сақталған. Бірақ, орталық тек дайын дүниелерді жұртшылық назарына ұсынумен шектелуде. Дегенмен, соңғы кездері қысқаметражды фильмдер түсіріп, әлеуметтік роликтер жасауды қолға алып жатқаны қуантады. Орталық басшысының орынбасары Жеңіс Қалмырзаевтың айтуынша, мекеме кино түсіруге арналған барлық техникамен жабдықталған екен. Тіпті, туындыға арқау боларлық дайын сценарийлер де бар көрінеді. Бірақ, оларды шығаруға қаржылық жағдай қолбайлау болып отыр. Алайда, ол кино түсіріп жүрген жастарға техникалық жағынан қолдау білдіруге әрқашан дайын екендіктерін айтады. Мысалы, мекеме облыс орталығында жақында түсірілімі аяқталған «Сағым» фильмінің жұмысына қол ұшын созыпты. Ал, ол фильмнің авторы, әрі режиссері Елжан Жармұхамедов. Аталмыш туындыда бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отырған экстремизм мен терроризмнің қасіретін баяндаған. Кино желісі екі бауырдың арасындағы жағдай арқылы өрбиді.
– Фильмнің идеясы осыдан екі жыл бұрын туған болатын. Бірақ, оны жарыққа шығаруға мүмкіндік болмады. Биыл облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қаржы бөлді. Нәтижесінде фильмнің түсірілім жұмыстары толықтай аяқталып отыр. Енді тек монтаждау жұмыстары тәмамдалып, кино көрсетілімге толықтай дайын. Туындының премьерасы алдағы уақытта болады. Бұл туындыға атақты Ақан Сатаевтың командасында жұмыс істеген Марат Абайділдә және Баян Есентаеваның «Қодар» фильмінде негізгі рөлді сомдаған Руслан Нұрман деген актерлер түсіп, қол ұшын берді.
Жалпы, бүгінде Жамбыл киносының еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда дәрежесі төмен. Себебі, бізде мамандар жоқ. Кадр тапшы жерде бәсеке де болмайтындығы белгілі. Мәселен, көрші Шымкент қаласында кино түсірушілер көп әрі бөлінетін қаржының көлемі жоғары. Сондықтан, көрші өңірде бұл өнер саласына бет бұрып жатқан жастар аз емес, – дейді Е.Жармұхамедов.
Дейтұрғанмен, облыста мемлекеттің қаржысына қарамай-ақ кино түсіруді қолға алған жастар да бар. Солардың бірі – Ержан Кабдуллин. Кино саласында еңбек етуді бала кезінен армандаған ол өткен жылы қолда бар қаржысымен «Оңтүстікке саяхат» («Югарная поездка») деген фильм түсірді. Бүгінде аталмыш туынды еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Қуанарлығы, жас режиссердің туындысы көрермен жинауда елімізге танымал киногерлердің фильмдерінен қалыс қалып жатқан жоқ. Оның бұл шығармашылық жұмысына «Әзіл әлемі» театрының белгілі әртісі Аманғали Сыпабеков пен кәсіпкер Арман Райқұлов көмек берген.
– Қазіргі көрерменнің басым көпшілігінің талғамы жеңіл әзілге жақындау болғандықтан, комедия бағытында кино түсірдік. Оған өзіміздің жерлестеріміз эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова мен даңқты балуан Бейбіт Ыстыбаев та түсті. Бұл да болса көрермен тартуға өз септігін тигізетіндігі айқын. Бір айта кететіні, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті және Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті сынды оқу орындарындағы мәдениет, өнер мамандықтарында оқитын жастар үшін іс-тәжірибеден өтетін жерлер жоқ. Олардың Алматы мен Астанаға барып, өздерін кино саласында бағын сынап көруге мүмкіндіктері аз. Сондықтан, біз өз туындымызға актерлік шеберлік мамандығында оқитын жастарымызды тартуға тырыстық. Сонымен бірге, келер жылы сериал түсіруді де жоспарлап отырмыз. Оған да сол жастарымыз түсетін болады. «Оңтүстікке саяхат» фильмінің екінші бөлігін келер жылы Түркия елінде түсіру жоспарлануда. Бұл туындымыз әлемдік және ресейлік ірі дистрибьютерінің өнімін жинақтайтын «Меломан» компаниясына Тараздан алғашқылардың бірі болып кіріп отыр. Мұның өзі үлкен жетістік, – дейді Е.Кабдуллин.
Расында, Жамбыл жерінде жас киногерлердің қалыптасып келе жатқаны қуантады. Дегенмен, «боламын деген баланың бетін қақпай, белін буып» қаржылай көмек пен қолдау керек-ақ. Осы орайда, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов белсенділік танытып, облыс орталығында «Кино мектебін» ашты. Оның жұмысын өрістету мақсатында АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы кино академиясын бітіріп келген Елжас Рахымбеков арнайы шақыртылған. Олар қазіргі таңда демеушілердің көмегімен киноға талаптанып жүрген жастарды «Актерлік шеберлік» және «Кино өндірісі» сынды факультеттер бойынша оқытып жатыр. Бұл мектептен өткісі келетін жастардан алған білімдері үшін ешқандай қаржы талап етілмейді. Бастысы, уақыттарын бөліп, ынта танытса болғаны.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірдің кино өндірісіне көңілім толмайды. Олқылықтың орнын толтыру үшін біз жастарға арналған «Кино мектебін» аштық. Қазіргі таңда ол жерде 26 жас білім алып жатыр. Олар тегін оқиды. Бастысы, нәтиже шығара білу. Кино саласына талаптанушыларды біз әуелі сценарий жазуға үйретеміз. Сосын барып режиссура, операторлық шеберлік, дыбыс режиссурасы, көркемдік қойылым шеберліктеріне баулимыз. Арғысы гримнің қалай жасалуы мен кинодағы костюм кию әдісіне дейін дәріс береміз, – дейді Н.Қанатов.
Ашылғанына көп бола қоймаған шығармашылық топ бүгінде «Қазфосфат» ЖШС туралы «Фосфор жолы» деп аталатын деректі фильм жасап шығарған. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін 16 деректі, 3 қысқаметражды фильм, 60-тан аса бейнеролик түсірген. Бұдан өзге, әлеуметтік эксперименттер жасаумен де шұғылданып жатқан көрінеді.

Шынболат Сейдуалиев

Comments (0)
Add Comment