Жамбыл облысында балабақша кезегі цифрлы жүйеге көшеді

Жамбыл облысында бүлдіршіндерді балабақша кезегіне қою жыл соңына дейін автоматтандырылған жүйеге көшпек.

Бұл қызмет түрімен  Тараз қаласындағы мектепке дейінгі білім беретін 111 мекеме түгелдей қамтылмақ. Ол үшін қалалық бюджеттен 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бағдарлама жүзеге асса, әрбір ата-ана электронды қолтаңба алып, балаға тиесілі мәліметтерді толтырып, өз телефон номері мен электронды поштасын қалдыруы тиіс. Көрсетілген электронды пош­таға және телефон нөміріне кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл өз кезегінде ата ана мен білім беру ұйымдары үшін тиімді. Мүмкіндігі мол бағдарламаны аудандарға 2019 жылы енгізу жоспарланып отыр.  Қазір облыстағы 506 мектепке дейінгі ұйымдарда  54 мыңнан аса бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.  Ал 9 мыңға жуық бала кезекте тұр. Орын тапшылығын азайту мақсатында жыл соңына дейін 30 жекеменшік, 3 шағын орталықтар ашылады. Жаңадан салынған нысандар есебінен  3 пен 6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көлемін 95 пайызға жеткізу көзделген.

Үш мыңнан астам орын ашылды, жыл соңына дейін 2 мың орын ашылады. Осы ашылатын орындар есебінен біз 95 пайызға жетеміз, келесі жылы біз облыс бойынша тағы да 2000 орын жоспарлап отыр. Осы арқылы мемлекеттік бағдарламада көрсетілген жүз пайызды қамту толығымен жеткізілетін болады, – дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және тәрбие бөлімінің басшысы Саясат Есеев.

24.kz

Comments (0)
Add Comment