– «AMANAT» партиясының жарғысына қатысты жаңа басшылық органдарын сайлау, басқа партияларды немесе ұйымдарды қатарға қосу бағытында кезектен тыс съезд өткен болатын. Бұл құрылтайдың міндетті функциясы болып есептеледі. Яғни жаңағы шешімдерді рәсімдеу үшін жарғы бойынша міндетті түрде съезд өткізуіміз керек. Ал бұл – жыл басынан бері, қаңтар оқиғасынан кейін өткізіп жатқан үшінші кездесуіміз. Қазір пандемия емес, видеоформатта жиын өткізуді кәсіби тұрғыда меңгердік. Менің ойымша, спикер, қатысушыларды алыс аймақтардан алдырып, жатын орын табу мәселелерімен бас ауыртпай, осындай форматта съезд өткізу – өте тиімді жол.
Ең бірінші жайт – «ADAL» партиясы осы жақында реформаларды қолдаймыз, сайлаушыларға берген уәделерімізді «AMANAT» партиясына қосылсақ, бірге атқара аламыз, қиын-қыстау заманда біріккеніміз дұрыс болады деген ойларымен облыстық конференцияларын, жиындарын өткізген еді. Сол ұсыныс-шешімдерін құп алып, кешегі жиында қатарға қосқанымызға өздеріңіз куә болдыңыздар. Олардың белсенді деген мүшелерін саяси кеңеске мүше қылдық. Мен бұл шешімді өте жақсы қолдаймын. Өйткені өзім көптен бері танитын Эльдар Жұмағазиев, Мақсат Толықбай сияқты мықты азаматтардың, одан бөлек аймақтардағы кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің партияға қосылуы – құптарлық іс. Бұл тек қана «AMANAT» партиясының мүмкіндігін көбейтіп, қолын ұзартқаны болмаса, басқа зияны жоқ. Оған тек қуанамыз. Алда да дәл осындай жақсы жаңалықтар болуы мүмкін. Басқа да ұйымдар, осыған дейін еш жерде белсенділік танытпаған азаматтар да партияға келіп қосылып жатуы ықтимал. Біз бұның бәрін жақсылыққа жоримыз.
Шынын айту керек, сьезде күтпеген жағдай болды. Ол, әрине, Қ.Тоқаевтың төрағалықтан кетуі. Президенттің партиядан шығып, «шын мәніндегі Конституцияның кепілі боламын, жалпы Қазақстан халқының президенті болуға тырысамын» деген үлкен ниеті мынау реформа басталмай жатып, оны іске асыруға тырысып жатқаны үлкен жаңалық деп ойлаймын. Президенттің ұсынысымен қазіргі Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясының жетекшісі болып тағайындалды.
Осы уақытқа дейін біздің партияны да біраз уақыт сынады ғой. Біразы «тек бір адам үшін ғана құрылған партия, ол адам кетіп қалса, партия қирап қалады» деген пікір айтса, одан кейінгі кезеңде «бұл партия тек президенттің мүмкіндігіне, тек соның заңдық тетіктеріне ғана негізделіп құрылған» деп айыптады. Бірақ ол сөздердің бәрінің шындыққа жанаспайтынын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Партия да ыдырап, тарап кетпеді, негізгі деген құрамның барлығы қалды. Тіпті биліктен шығып қалған азаматтардың өзі партиядан кетемін деген әңгіме айтқан жоқ. Бір-екі азаматтар болмаса, аса бір өзгеріс болмады. Солайша «AMANAT» өзінің шын мәнінде мемлекетшілдігін, ту ұстаушының емес, тудың айналасына біріккендердің партиясы екенін дәлелдеп келеді.
Ал алда күтілетін нәтижелерге келетін болсақ, партияның қазіргі атқарушы хатшысы Асхат Оралов өзінің баяндамасында Президенттің қаңтардағы тапсырмасынан кейін жасалған реформалардың бірінші сатысы туралы толығымен айтып берген еді. Ал жаңа төрағаның сайлануына қатысты аймақтармен бейнеконференциялар болады, орталық аппаратпен, фракциямен отырыстар болады. Сол кезде жаңағы жоспарлар толықтырылып, жаңарып, қатарға қосылған «ADAL» партиясының ұсыныстары бойынша да жаңа жоспарлар құрылатыны анық. Жалпы, жақын арада көптеген жақсы жаңалық болады деп ойлаймын.
Әзірлеген Ә.Бектемірқызы