Зауал

Әлем әдебие­тінен ойып тұрып орын алған детектив жанрының бізде әлі буыны бекіп, қанаты қатая қоймағаны жасырын емес. Көпшілік жұрт детективті батыс әдебиетінің еншісіне бұйырған деп тұжырымдайды. Себебі, Конан Дойльдің атақты Шерлох Холмсы, Эдгар Аллан По, Агата Кристи, аргентин жазушысы Хорхе Луис Борхес шығармаларының детектив жанры о бастан-ақ көркем әдебиеттің классикалық тұғырына айналған. Дегенмен, бұл қытай мен жапон әдебиеттерінде де орта ғасырларда-ақ жеке жанр ретінде жетілгені жасырын емес. Орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің романдарындағы детектив элементтерін де ешкім жоққа шығара алмас. Ал, қазақ детективінің кенже қалуы ұлтымыздың қала өміріне кеш араласуымен, дала тіршілігінде қылмыстың барымта мен қыз ұрлаудан өзге түрлерi болмағандығына негізделеді. Дейтұрғанмен, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын Кемел Тоқаев, Қалмұқан Исабаев, одан кейінгі толқыннан Болат Бодаубай, Шәкен Күмісбайұлы, Мұхтар Анарбекұлы, Мұхадас Балажанов, Алдажар Әбілов, Орынбек Асылбаев, Шойбек Орынбай сияқты қаламгерлер қалыптастыра бастады. Демек, жанр түбегейлі жоқ емес, бар. Тек насихаты аз. Осы орайда, біз газетіміздің «Заң және біз» бетінде прокуратура саласының ардагері, тергеуші болып жұмыс атқарған өз уақытысындағы айыптау қорытындылары мен сот процестеріндегі істердің көшірмелерін жеке архивінде сақтап, көркем дүниеге айналдыруды мақсат еткен Әбен Қонысбаевтың жинаққа дайындалған «Зауал» шығармасынан үзінді беріп отыруды құп көрдік. Онда қоғам дамуы мен ел тағдырына әсер ететін криминалдық әлемдегі ұйымдасқан қылмыс мәселесі басты кейіпкерлердің өмірімен өзектесіп өрілген. Құр қиялдан ада, нақты деректерді негізге ала отырып жазылған шытырманға толы шығарма оқырманның ойынан шығады деген сенімдеміз.

РЕДАКЦИЯДАН

Оңтүстік өңірдегі шағын қалада өмір әдеттегідей өз арнасымен өтіп жатыр. Кешелі бері сорғалап аққан ақ жауыннан соң айнала түгел балбырап, өсімдіктердің хош иісі ауаны жаулап алып, айрықша бір тазалық орнап тұрғандай.Таңғы шыққа малынған көше бойындағы көгалдар да ерекше жайқалып, көз тартады. Үлкен даңғыл бойымен жүйткіген жолаушы көліктерінің дауысы болмаса, қалада әсем тыныштық салтанат құрып тұр. Тротуар бойлап асығыс басқан бірен-саран жаяу жүргіншілер бір-бірімен сыпайы амандасып, бас изесіп өтіп жатыр. Қала кішкентай болған соң көп тұрғындар бір-бірін жете танымаса да шырамытады.
Қала орталығындағы кеңес дәуірінен қалған шағын аурухананың роза гүлдермен көмкерілген ауласында жалғыз гүл күтуші Жанаттан басқа ешкім көрінбейді. Аурухана қызметкерлері әдеттегідей таңғы жиналыста болса керек. Жанат қолындағы гүл қопсытатын аспаптарын қосалқы жайға қоймақ болып, аурухананың артындағы қызметкерлердің бөлмелері орналасқан ғимаратқа беттегені сол еді:
– Ағатай, сізді бір сәтке бола ма?-деген дауысқа аялдап қалған. Оның жанына жедел басып жеткен жасы 25-30 шамасындағы жігіт:
– Мен көрші қаладан едім, осында бір жолдасым ауруханаға түсіп қалыпты, соған бүгін ота жасайтын дәрігердің аты-жөнін білсем деп едім, әйтеуір бір шапағаты тие ме дегенім ғой, – деп күмілжіді. Жанат әлгіге тесіле қарап:
– Ол әлгі аурухананың жанына тастап кеткен бейшара емес пе, сен қандай туысысың, – деп қолындағы саймандарын қоймаққа кері ыңғайланып, сәлден соң жауап күткендей артына бұрылған еді, бірақ әлгі бейтаныс жігіт жеделдетіп аурухана ауласынан шығып бара жатыр екен. Аң-таң болған Жанат:
– Әй, әй, қайда кеттің, – дегенше бей­таныс жігіт көзден таса болды.
Осы кезде аурухананың бас ғимаратынан бір топ дәрігер шуылдаса шығып, әлдебір нәрсені әңгімелеп келе жатты. Олардың ортасында бірнеше жыл бұрын Астанадан оқу бітіріп келген жас оташы Ақылбай:
– Оның халі өте мүшкіл, отаға жарамайды, бас дәрігердің менің пікірімді біле тұра, неге маған осы ауруды табыстап отырғанына түсінбеймін, – деп жанындағы тәжірибелі оташыларға әлденені түсіндіргендей болып еді, ортада келе жатқан байырғы оташы Сағын:
– Сенің ғылыми жұмысың клиникалық өлім жағдайындағы пациентке төтеннен көмек көрсету арқылы аяққа тұрғызу емес пе? Бұл жағдай сен үшін таптырмайтын мүмкіндік қой, оның үстіне ағайын- туыстары да жоқ, белгісіз пациент, артында айқай-шуы болмайды, – деп Ақылбайды тыныштандырғандай болды.
Дәрігерлер алыстап кеткен соң Жанат әлгі бейтаныс кісінің артынан шығуға аурухана қақпасына беттегені сол еді, алдынан терезелері тас қараңғы тұмшаланған сүліктей қара «Волга» аурухана қақпасынан ішке қарай кіріп келе жатыр екен. Бас ғимараттың алдына тоқтаған көліктен қара сұр плащты екі кісі жеделдетіп ішке кіріп бара жатты.
«Ә-ә, не де болса жаңағы науқастың туыстары болар», – деп Жанат түнгі қарауылдықтан шаршағанын енді сезгендей, жеделдетіп үйіне қайтуға бет алған.

(Жалғасы бар)

Comments (0)
Add Comment