Заңнама талаптарын бұзғандардың жауапкершілігі арттырылды

Дүниежүзілік Банктің Doing Business 2017 жылға арналған есебіне сәйкес  «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстан 75 орынға ие болды.  «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» индикаторы бойынша  Қазақстан Әзірбайжан (105 орын), Болгария (104 орын), Қытай (97 орын), Канада (108 орын), Қырғызстан (163 орын), Украина (130 орын) секілді елдерді басып озды. 

Осыған байланысты министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаментінің бөлім басшысы Төкен Жұманқұлға бірнеше сауал қойған едік.

– Төкен Көшербекұлы, энергия қадағалау саласында қойылатын талаптарды бұзушыларға қандай жауапкершіліктер көзделген?  

– Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үдерістерін оңтайландыру бағытында бірқатар жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу үдерістері жөнінде электр энергетикасы саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілді, осыған орай бірқатар  рұқсат алу үдерісі жойылды (құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алу, электр желілеріне қосылуға рұқсат алу, энергетикалық сараптама алу қажеттілігі), сондай-ақ  тұтынушылар үшін электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды беру мерзімі, электрмен жабдықтаушы ұйыммен электр жабдықтауға шарт жасасу мерзімі де қысқартылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2018 жылдың 9 шілдесіндегі №272 «Табиғи монополиялар» туралы Заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізілуіне байланысты, қазіргі таңға техникалық шарттарды беру мерзімі 5 жұмыс күні болып белгіленді.  Жобалық шешімдерге келісім алу қажеттілігі қысқартылды. Жоғарыда айтылған қызмет түрлерін тұтынушылар электр таратушы мекемелердің кеңсесі, мемлекеттік корпорация, «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы алуына болады.

Электр және жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру тәртібі мен мерзімдеріне қойылатын талаптарды бұзу  шағын кәсіпкерлік субъектілеріне  жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне  елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Электр және жылу желілеріне қосуға арналған құжаттарды қабылдаудан және (немесе) техникалық шарттарды беруден бас тарту   шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне  бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

– Осы бағытта сіздердің мекеме басқа тағы қандай жұмыстар атқаруда?

– Электр энергетикасы саласындағы жүргізілген заңнамалық реформалардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ  тұтынушыларды толыққанды ақпараттандыру мақсатында,  Департаментпен тұрақты түрде реформаларды жарықтандыру бойынша жұмыс, және де электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу заңнама талаптарының орындалу мониторингі жүзеге асырылады.

Мониторинг жүргізу аясында энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электрмен жабдықтау желісіне қосылуға техникалық шарттарды беру мерзімі және тәртібі, сондай-ақ электрмен жабдықтау шартын жасасу бөлігінде ақпарат алынды.

Ақпаратты талдау қорытындылары бойынша Департамент қызметкерлері энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкілдеріне электр энергиясын тұтынушыларға қызмет ұсыну шарттарын жақсарту бойынша ұсынымдар берді.

Департамент электр энергиясын тұтынушылардың электр энергиясы сапасына, оның жеткізілуіне, сондай-ақ энергетика кәсіпорындарын электр желісіне қосылу бөлігінде электр энергетикасы саласындағы заңнама мерзімдерінің және талаптарының сақталуына қанағаттануын бағалау тұрғысынан айына бір пікіртерім жүргізеді.

– Осыған байланысты тұтынушылардың берген бағасы қандай?

– Тұтынушылардың берген бағасы орташа: энергия беруші ұйымдардың қызметі бойынша техникалық шарттарды беру, жобалық шешімдерді келісу бөлігінде 5 баллдың 4,2 (жақсы) құраса, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметі бойынша электрмен жабдықтау шартын  жасасу бөлігінде 5 баллдың 5 (өте жақсы), ал жалпы электрмен жабдықтау қызметтерінің сапасы бойынша 5 баллдың 3,9 (жақсы) құрады.

– Еліміздегі электр өндіруші, электр таратушы мекемелердің қондырғылары 1960-1970 жылдары салынған, бұл күнде олардың техникалық жағдайы қалай?

– Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы электр өндіруші, электр таратушы мекемелердің қондырғылары  тозу көрсеткіші 72%, соған қарамастан электр қондырғыларын жаңарту, жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеулер бойынша атқарылып жатқан облыс энергетиктерінің елеулі еңбегінің арқасында 2017 жылдағы электр энергиясымен қамтамасыз етудің сенімділігі көрсеткіштері: CAIFI (1 жылда 1 тұтынушыға электрмен жабдықтаудағы үзіліс санының орташа көрсеткіші) – 1,68,     CAIDI (1 жылда 1 тұтынушыға электрмен жабдықтаудағы үзілістің ұзақтығының орташа көрсеткіші)  – 2,21. Екі жағдайда да электрмен жабдықтаудың сенімділік көрсеткішінің нормативтік мәні – 4.

Сонымен қатар, электрмен жабдықтаудың сенімділік көрсеткішінің нормативтік мәнін сақтамағаны үшін  энергия беруші ұйымдардың басшыларына 125 төменгі есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл енгізілді (ст. 300-1).

– Тұңғыш Президент-Елбасының 5 институттық реформа-«100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша сіздердің салада атқарылып жатқан қандай жұмыстар бар?

– «100 нақты қадам» бағдарламасының 51-қадамында  өңірлік энергетикалық компанияларды (ӨЭК) ірілендіру белгіленген. Бұл энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырады, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендетеді, тұтынушылар үшін электр энергиясының төлем ақысын азайтады.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің реестрінде Жамбыл облысы бойынша 3 электр энергиясын таратушы мекеме тіркелген еді: «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-і, «Құлан-тазалық» МКК және «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы.

Энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беру жөніндегі қызметке, оның ішінде диспетчерлік технологиялық басқаруға қойылатын талаптарға сәйкестігін айқындау бойынша жүргізілді.

«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС аталған талаптарға сәйкес, «Құлан-тазалық» МКК-нде атқарылатын жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың  құзырында.

 «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына ішінара тексеру жүргізу барысында  диспетчерлік технологиялық басқаруға қойылатын талаптарға сәйкессіздігі анықталып, анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге нұсқама берілді және айыппұл салынды, нәтижесінде «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ  Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің тізілімінен электр энергиясын таратушы мекеме ретінде алынып тасталды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізен Абылайхан СӘРСЕН

Comments (0)
Add Comment