Еліміздегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – азаматтық қоғамның дамуына қолайлы жағдай жасау. Ал отандық үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудағы мемлекеттің ең басты тетігі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен сыйлықақылар тағайындау екені белгілі. Қоғамдық бірлестіктерді дамытудың өзге балама жолы қандай? Осындай өзекті мәселелер талқыланатын жылына 2 рет өтетін ҮЕҰ дамуының стратегиялық міндеттері қалыптастырылатын және билік пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылды нығайтатын басты алаң – Азаматтық форум.
Биыл Азаматтық форум 8-рет ұйымдастырылмақшы. Нақты айтсақ, 16 қазанда Тараз қаласында үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» атты облыстық форумы өткізіледі.
Форумда пленарлық отырыс пен үкіметтік емес сектор дамуының өзекті мәселелері бойынша сұхбат алаңдары, облыстық салалық басқармалар мен департаменттер басшыларымен ҮЕҰ-ның кездесулері жоспарланған. Форумға ҚР Қоғамдық даму министрлігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдері, сарапшылар, ҮЕҰ, мемлекеттік органдар, қоғамдық кеңестер, бизнес саласы, саяси партиялар мен кәсіподақ ұйымдары және БАҚ өкілдерін шақыру көзделуде. Іс-шарада ҮЕҰ әлеуметтік жобаларының байқауы, жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылып, ол туралы деректі фильм көрсетіледі. Сондай-ақ ауылдық ҮЕҰ мен форум қатысушылар Азаматтық орталық таныстырылатын болады. Азаматтық қоғамның дамуына септігін тигізген үздік ҮЕҰ көшбасшылары марапатталады.
Форумның мақсаты – бизнес пен ҮЕҰ-ды қоғамның әлеуметтік мәселесін шешу мен анықтауға, бизнестің әлеуметтік жауапкершілік тәжірибесін ілгерілетуге бірлесе қатыстыру арқылы өзара әрекеттестігін нығайту.
Биыл маусым айында Талдықорған қаласында ІІ республикалық форум өткені белгілі. Онда өңірлердің әлеуметтік бизнестің тиімді тәжірибелері қаралып, әлеуметтік бизнес-жобалардың жәрмеңкесі өткізілді. Осы форум аясында өткен онлайн дауыс беру платформасында өңірлерден біздің және Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық ұйымдары кәсіпкерлер қатарынан жобаларын іске асыруға ықпал ететін демеуші тапты. Соның нәтижесінде біздің облыстан қатысқан «Нақты көмек» мүгедектер қоғамдық бірлестігі (жетекшісі – Ш.Ахметова) мен «MG KZ» ЖШС (директоры – К.Мұқашева) меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ биыл басқарма тарапынан осы бағытта «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» жобасы іске асырылуда.
Жалпы үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді әріптесі деп нақты айтуға болады. Мемлекет тарапынан азаматтық сектормен өзара әрекеттестігін және азаматтық қоғам институттарының қызметін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның аясында жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыру көлемі артуда. Мысалы, облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік инвестиция соңғы 10 жылда 20 есеге артты.
2018 жылы облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа жоспарланған қаржы сомасы 814,8 миллион теңгені құрайды (әлеуметтік жобалар саны 232). Облыстық деңгейде 262,8 миллион теңге (74 жоба), аудандар мен Тараз қаласында 552,0 миллион теңге (158 жоба) жоспарланған.
Жоспарланған МӘТ көлемінің 70,0 пайызы (540,0 миллион теңге) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдер тарапынан бөлінген.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының 2018 жылғы МӘТ көлемі 50,0 миллион теңгені немесе жалпы жобалардың 6,2 пайызын құрайды. 2017 жылдан бастап, басқарма 6 ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруда («Адам саудасының алдын алу орталығының қызметін ұйымдастыру», «Саясаткер әйелдер клубының жұмысын жүргізу», «Жамбыл облысында этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу қызметін ұйымдастыру», «Ардагерлер ұйымдарына қолдау көрсету орталығының қызметін ұйымдастыру», «Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді анықтау және зерттеу қызметін ұйымдастыру» және «Азаматтық орталықтың қызметін ұйымдастыру»).
Сонымен қатар тұрақты саясаткер әйелдер клубы, отбасы институты, тегін заңгерлік қызмет көрсету, сотсыз дау-дамайды шешу институты (Медиация), этникалық қазақтарды қоғамға интеграциялау, жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру және басқа да қызметтерін көрсетуде. Биыл алғашқы рет (Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспардың 61-тармағына сәйкес) облыста ҮЕҰ-ға арналған Азаматтық орталық ашылды. Аталған жобаға облыстық бюджеттен 8,9 миллион теңге қарастырылған.
Бұл орталықта үкіметтік емес ұйымдар үшін ақпараттық-әдістемелік, консультативтік, құжаттамалық және азаматтық бастамаларды қолдау бойынша қызметтер – «телефон арқылы кеңес» желісі, арнайы сайт жұмысы ұйымдастырылып, «ҮЕҰ мектебі», «Ең үздік жоба» конкурсы, республикалық деңгейдегі тренерлерді тарта отырып, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді азаматтарға семинар-тренингтер және басқа да іс-шаралар өткізіледі.
Сонымен қатар басқарма тарапынан ағымдағы жылы «Интернет-қабылдау» және Қоғамдық кеңестерінің сайттары бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
«Интернет-қабылдау» сайтында азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелерді қабылдау, тіркеу және қарау бойынша «интернет-қабылдау» сайтының модулі әзірленіп, азаматтардың билік органдарымен кері байланысы ұйымдастырылады.
Ал «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» жобасы аясында облыстық, Тараз қалалық, аудандық қоғамдық кеңестері жұмыстарының ашықтығын көрсету мақсатында Q-Kenes.kz домені негізінде сайт ашылды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 22 тамызында «Достық» үйі ғимаратында БАҚ өкілдері мен ҮЕҰ-ның жетекшілерінің қатысуымен «Интернет-қабылдау» сайтының тұсаукесері өтті. Келесі жылдары сайттарды өзектендіру және ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыру жоспарлануда.
Жалпы биыл «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Заң аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру және сыйлықақылар бағытындағы заңнаманы жетілдіру мақсатындағы құжат нормалары әзірленіп, іске асырылуда.
Құжат аясында азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарды жіберу арқылы аталған үдеріске белсенді қатысу мүмкіндігі бар. Бұл мүмкіндіктер – заң жобасында көзделген маңызды жаңалықтың бірі. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының іске асырылуы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау туралы ақпарат халыққа қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалауы енгізілді. Ол халыққа көрсетілген қызмет сапасына қанағаттану деңгейі мен жоба тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, үкіметтік емес ұйымдар көрсететін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың сапасына, шарттарына, мазмұнына бірыңғай талаптар немесе стандарттар, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды бағалау критерийлері енгізілді.
Осыған орай, ішкі саясат басқармасы тарапынан жаңа қабылданған нормативтік құжаттарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыратын жергілікті мемлекеттік органдарға түсіндіру мақсатында уәкілетті орган (ҚР Қоғамдық даму министрлігі), республикалық сарапшылардың қатысуымен қазанның 2 онкүндігінде оқыту семинарларын өткізу жоспарланған.
Мақпал ДОСЫМБЕКОВА,
облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының саяси партиялар мен ҮЕҰ-мен жұмыс бөлімінің басшысы