Тынығамын, шынығамын десеңіз…

Немесе замандастарымыз бос уақытын қайда өткізіп жүр?

Жаңа оқу жылы басталысымен, Тараз қаласына студенттер лек-легімен ағылуда. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, биыл шаһардағы арнаулы және жоғары оқу орындарына шамамен 10 мыңға жуық студент қабылданған. Әрине, ілім алу, білім жетілдіру бағытында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық ұшан-теңіз. Дейтұрғанмен, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мен мәдени тынығу шараларын ұйымдастырудың да маңыздылығы зор. Осы орайда, біз замандастарымыз жиі бас қосатын орындарда болып, ол жерлерде уақытты тиімді өткізудің мүмкіндігін жан-жақты саралаған едік.

Жасыратыны жоқ, жастардың біраз бөлігі демалыс күндері кинотеатрға барғанды жөн көреді. Әрине, олардың дені облыс орталығындағы бірден бір кинотеатр Astana Park-тің қызметін тұтынады.
– «Кинотеатрға келушілер саны күз айында едәуір жоғарылайды. Мезгілге байланысты жастардың таңдауы да өзгеріп отырады. Қазіргі таңда біздің кинотеатрда студенттік жеңілдіктер жоқ. Есесіне, 18 жасқа толмаған жеткіншектер үшін билет құны 200 теңгеге арзан», – дейді кинотеатр қызметкері Төлеби Байжан.
Билет бағасына кино залына өзіңізбен ала баратын сусын мен түрлі тәттілерді сатып алуға жұмсалған қаражатты қосыңыз. Сонда таңдаулы кинотуындыларды тамашалап уақыт өткізу үшін әр адамның орта есеппен
2 000 теңге жаратуына тура келеді.
Ал, бос уақытын салауатты өмір салтын ұстануға арнайтын жастар үшін «Тараз-Арена» спорт кешенінің есігі ашық.
– «Спорт кешеніне келушілердің ішінде балалар мен үлкен кісілер де бар. Дейтұрғанмен, мұнда келушілердің 80 пайызын жастар құрайды. Жастардың басым бөлігі фитнес залы мен бассейнді таңдайды. Студенттерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Бассейн мен фитнес залда жеңілдік арқылы 4 100 теңгеге шынығуға болады. Келушілеріміз үшін барлық жағдай жасалған» – дейді «Тараз-Арена» қызметкері Дина Танабаева.
Шыны керек, бүгінде Рlaystation ойын приставкасы жастардың күні-түнгі ермегіне айналған. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған компьютер клубтарында ойынның дәл осы түрі сұранысқа ие. Әрі бағасы да қолжетімді. Достарымен бас қосқанда Рlaystation-ның қызығына түсетін жастардың бірі Баққожа Амангелді тәуліктің 4-5 сағатын ойынды тапжылмай ойнауға арнайтынын айтады.
– «Рlaystation-ге жиі келетін жастардың бірімін. Уақыт өткізудің бұл түрі бізге қызықты әрі қолжетімді. Сонымен қатар, ойын приставкасын ұсынатын орындарды қаланың кез келген тұсынан табуға болады», – дейді Б.Амангелді.
Талабы таудай жастардың бір тобы қолы қалт еткенде ара-тұра кітап сөрелеріне көз жүгіртеді. Сабақтан тыс материалдармен танысып, ізденіс жүргізуде кітапхана қызметін тұтынатын жастар баршылық. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына тәулігіне келетін 370 оқырманның 70 пайызын жастар құрайды екен. Кітапхана әдіскері Гүлнұр Алтынбекова студенттердің негізінен мамандық бойынша әдебиеттермен қатар психологиялық, детектив жанрындағы кітаптарды сүйіп оқитынын тілге тиек етті.
Расында да, бүгінде жастар үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Әрбір аулада спорт және көше ойындары алаңшаларының көптеп салына бастауы көңіл қуантады. Театр, мәдениет үйі, кітапхана, музей, шығармашылық орталық сынды руханият ордалары да жетерлік. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғырып жатқан саябақтар мен скверлер де жастардың жиі ат басын бұратын орнына айналары сөзсіз. Қалай десек те, таңдау әркімнің өзінде. Ең бастысы, қайта оралмас студенттік жылдарды тиімді өткізуді естен шығармасақ болғаны.

Жанар ҚАНАТБЕК

Comments (0)
Add Comment