Тұрғындар тілегін тыңдады

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев «Шалғай Қарасу» алқабының тұрғындарымен кездесті. Жиында алқап тұрғындары теміржолдың арғы бетінде жатқан аумақтың бірқатар мәселелерін ортаға салды. Оның қатарында мектеп мәселесі де айтылды. Бұл ретте, шаһар басшысы «Шалғай Қарасу» алқабында 600 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамамен келісімшарт жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ, артын ала алқапта жаңа балабақша да салынатынын айтып, кездесуге қатысушыларды бір қуантты. Қайрат әскербекұлының айтуынша, мектепке дейінгі бірім беру мекемесі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылмақ. 280 орынға негізделіп отырған балабақша құрылысына 1,2 гектар жер қарастырылған.

Басқосу барысында шалғайқарасулықтар алқаптағы арық-каналдар жүйесінің тазалағы жайында да сауалдар қойды. Өз кезегінде қала әкімі Қ. Досаев Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен Тараз қаласындағы каналдарды, арық жүйелерін, құбыр өткелдерін тазалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, жеңімпаз мердігер ретінде «Тараз-ирригация» ЖШС анықталғанын айтты.

– Қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда, жұмыс барысында «Шалғай Қарасу» алқабындағы арық жүйелерін тазалау, шлюздерді жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, Шалғай Қарасудағы жол, тротуар, көгілдір отын, ауыз су мәселелері ретімен шешіліп жатса, ендігі кезекте аялдамалардың санын арттыру мен автобус бағыттарын өзгерту жұмыстары қаралмақ, – деді Қайрат Әскербекұлы.

Comments (0)
Add Comment