Тіл тағдыры – ел тағдыры

«Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» – деп Расул Ғамзатов жырлап кеткендей, бүгінде әр елдің ары мен жаны, достықтың діңгегі, бірліктің бәйтерегі болған тіл адам мен қоғамды, өркениет пен жетістіктерді, ұлттар мен мемлекеттерді бір арнаға тоғыстырып, жарқын болашаққа жетелеген дария даңғылға айналып отыр. Мәңгілік ел болсақ деген үмітпен дамыған елдермен үзеңгі қағыстырып, өркендеп келе жатқан өміршең мемлекетіміздегі үштұғырлы тіл саясаты да күн тәртібіндегі басты мәселенің біріне айналып, мақсатты жүзеге асырылуда.

Расында да, тілде кез келген халықтың сан ғасырлық тарихы жатыр. Озық отыздықтың қатарына талпынған Қазақстан азаматтарының болашағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білуімен тығыз байланысты. Бұл мақсатқа тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап ұмтылып келеміз. Латын қарпіне көшу арқылы дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне қосылмақпыз. Президентіміздің айтуынша, мұндай қадам халықаралық терминологияда қалыптасып қалған сөздерді аударудағы мәселені шешуге көмектеседі.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да Елбасы саясатының арқасында тілге қамқорлық жасалып, оның аясын кеңейтуге барлық мүмкіндіктер қарастырылғандығы қаузалды. Ата Заңымызда, мемлекеттік бағдарламаларда, жекелеген заңдарда да тіл мәселесі қалыс қалып көрген жоқ. Өзінің бір сөзінде Ұлт Көшбасшысы: «…Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді. Қазақ тілі – өзіміздің ана тіліміз. Біз бәріміз ана тілімізді ардақтаймыз», деп өзінің бұрнағы жылдарда айтып кеткен «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген принципті көзқарасын қайта жаңғырта түскені ел есінде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ. Аталмыш мақаладағы Мемлекет басшысының «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деп айтқан тұжырымына тірек болған да ардақты ана тіліміз екені белгілі.
Бүгінде елімізде 140-тан астам ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың төл мәдениетін, ана тілдерін оқытатын мектептер бар. Түрлі этностарды бір шаңырақтың астында мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқының Ассамблеясы жүйелі жұмыс атқаруда. ҚР Конституциясы, «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы және осыларға негізделген «Тіл туралы» Заңы республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсына отырып: «Қазақстан тұрғындарының барлық халықтарының тілдеріне, мәдениетіне әрдайым құрметпен қараймыз. Бұл – азаматтық бейбітшілік пен қоғамның ең ұзақ болашақ келісімін нығайту бойынша мемлекет саясатының негіздерінің бірі», деген болатын. Яғни, біздің мемлекетіміздің саясаты – Қазақстан халқының тең құқығын сақтау және нығайту.
Ендігі кезекте біз тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ескере отырып, ана тілін ақсатпаудың жолдарын қарастырудың іс-шараларын жасауымыз керек. Ол үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілуі қажет-ақ. Әрбір адам өз ана тілін білу және мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті. Бұл – ұлт ретінде тілімізді сақтаудың ең басты шарттарының бірі. Тілі жоқ ұлттың келешегі күңгірт, болашағы бұлыңғыр болады. Осыны ешқашан ұмытпағанымыз абзал.

Перизат Атабекқызы,
облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы

Comments (0)
Add Comment