Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттердің бірі – халқымызға тән салт-дәстүр, өнер, мәдениет секілді ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Осы арқылы егемен еліміздің еркіндігі мен өзіндік болмысын, ұлттық келбеті мен қуатын, рухын, абыройы мен беделін асқақтату. Бұл жөнінде Президентіміз өзінің мазмұнды мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп атап көрсеткен еді.
Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі ұйымдастырған «Ұлы дала рухы» атты фестивальдің басты мақсаты да – осы.
«Достық» үйінде өткен фестиваль аясында жұртшылық Астанадан арнайы келген иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның көрмеге қойылған туындыларын тамашалады.
Фестиваль барысында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін фототілшілердің де еңбегі ел назарына ұсынылды. «Таразға тілек» фотоальбомына тілек жазып, суретке түскендерге арнайы әзірленген сыйлықтар тапсырылды. «Ұлы дала рухы» фестивалі аясында облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының да көрмесі ұйымдастырылды. Осы қатарда күні кеше ғана алғашқы мүшел жасына аяқ басқан облыстық «ARAI» газетінің де тағылымды тарихы, айшықты айдарлары мен жарқын жобалары таныстырылды.
Ұлы Дала елінің ұлттық рухын асқақтататын шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Ғани Мәтебаев, Жазира Сметовалар мен «Алашұлы» тобының орындауындағы әуелеген әндер құлақ құрышын қандырды. Бұдан бөлек, төрден төл өнеріміз айтысқа да орын беріліп, жиналған жұртшылық жас айтыскерлер Нұрлыбек Құрманов пен Дархан Әбдіманаттың сөз қағыстыруына куә болды. Сондай-ақ, поэзияда жалынды жырларымен республика аумағына танылып үлгерген Жанғазы Ахмет, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлі сынды жас ақындар жырдан шашу шашты.
Фестиваль соңынан облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз алып, өңірде атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталды. Сондай-ақ, алда әлі де талай ірі жобалар қолға алынатынынан хабардар етті. Өз кезегінде, Берік Уәлиұлы шараға белсене қатысқан белгілі суретші Аңсаған Мұстафаға және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен фототілшілеріне «Алғыс хаттар» тапсырды.
Нұрым Сырғабаев