Жамбыл облысында қосалқы шаруашылықты дамыту жобасы ел Үкіметі тарапынан қолдау тауып, жүзеге аса бастады. Бұл ретте, аталмыш жоба аясында Тараз қаласында да бірқатар жұмыстар істелмек.
Қазіргі таңда Тараз қаласында жеке кәсіпкерер бірқатар жаңа жобаларды ұсынып, табысты еселуге бет бұруда. Мысалы, «Танаш» жеке кәсіпкерлігі 2 га жерге көкөніс қоймасын, құрылыс қолғаптарын, өзі кесетін (саморез) және шеге шығаратын цех салуды көздеп отыр. Жобаның жоспарланған құны 105 миллион теңге. Жоба жүзеге асқанда 35 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Ал «KAZPLAST» ЖШС 2 гектарда тігін фабрикасының құрылысын жоспарлап отыр. Жобаның құны 1 500 млн. теңге. Мұнда жұмыс орындарының саны 250 адамды құрайтын болады.
Сол сияқты «Алель Агро» акционерлік қоғамы 5 гектарда мал азығы зауытының құрылысын салуды ойластыруда. Жобаның құны 2 600 млн. теңге. Ал ол іске асқанда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар «Everlight Alto» ЖШС 2 гектарда сыртқы жарықтандыру құрылғыларының өндірісін салуды жоспарлауда. Жобаның құны 400 миллион теңге.
Бүгінде қала аумағында жылыжай шаруашылығымен жалпы аумағы 0,87 гектарды құрайтын «Рамазан» шаруа қожалығы айналысады. Қазіргі таңда шаруа қожалығы қызанақ пен қияр көшетін отырғызып, күздік өнім алу жұмыстарын жүргізуде. Келешекте шаруашылық басшылығы жылыжай аумағын 1 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі кезде қалада ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу бағытында 98 цех пен кәсіпорындар жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі шұжық, кондитерлік және наубайхана цехтарына тиесілі. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 2158 адамды құрайды.