Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Тараз қаласының сарқынды суларды сүзу алаңдарының жай-күйімен және жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) салуға дайындық барысымен танысып, сондай-ақ жаңа облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында болды.
«Қалада тазарту қондырғылары жоқ. Бұл өзендер мен жер асты суларының ластануына әкеліп соқтыратын үлкен проблемаға айналады. Әкімдік жоспарлы қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын жаңа тазарту қондырғылары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға тездетіп кірісу керек», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол «Қазфосфат» ЖШС полигоны мен қалдықтардың жиналуына қатысты түйткілді мәселелерді шешу қажеттігін айтты.
Әлихан Смайылов өңірде заманауи онкологиялық орталықтың ашылуы өте қажетті әрі дұрыс қадам болғанын, бұл онкологиялық ауруларға ерте диагностика жүргізуге және оларды уақытылы емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін баса айтты.
«Өңірде перинаталдық орталық пен жаңа аудандық ауруханаларға және фельдшерлік-акушерлік пункттерге де қосымша қажеттілік бар. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдікпен бірлесіп, оларды салу мәселесін, оның ішінде Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде пысықтауы тиіс», — деді ол.