Бүгін Тараз қаласында Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде тойлануда. Мерейлі датаға арналған шаралар барысында бірқатар ескерткіштер мен мәдени нысандар пайдалануға берілмек.
Жамбыл облысының 80 жылдығына арналып ашылған рухани нысандардың көшін Асқар Тоқпановтың ескерткіші бастады. Облыстық қазақ драма театрының негізін қалап, ондағы шығармашылық ұжымының кәсіби біліктілігін жетілдіруге өз қолтаңбасын қалдырған режиссердің мүсіні өнер ордасының алдына қойылды.
Сондай-ақ шара барысында А.Тоқпановтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі «Тоқпанов тұлғасы» атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қонақтар үшін А.Тоқпановтың қызмет жолы, еңбектері, наградалары, шәкірттері жайлы фотостенд ұйымдастырылып, тұлға туралы деректі фильм көрсетілді.
Облыс театрына тұлғаның есімін беру — өнерсүйер қауымның көптен бергі арман-тілегі болатын. Өйткені қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға өз еңбек жолында Жамбыл облыстық қазақ театрында да елеулі еңбек еткен. Көптеген қойылымдар сахналап, шәкірттер тәрбиелеген.
А. Тоқпанов есімі бұған дейін елімізде ешқандай театр мен өнер ұжымына берілмеген. Ал 1936 жылы құрылған облыстық қазақ драма театры осы жылдар бойы бірде-бір тұлғаның атымен аталмаған. Осы тұрғыдан алғанда бұл бастама көпшіліктен зор қолдау табуда.
Театр режиссерінің мүсінін белгілі мүсінші Момыш Сұлтан жасап шықты. Оның құрылысына танымал меценат «Super pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Қаймолдаев демеушілік еткен.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі