Т. Рысқұлов ауданы алғашқы үштікке енді

Елімізде қараша айының үшінші жексенбісі ауылшаруашылық қызметкерлері күні болып бекітілген. Жыл бойы тынымсыз қызмет атқаратын сала қызметкерлері мереке қарсаңында Тараз қаласындағы “Баласағұн” концерт залында бас қосты. Аталған жиынға ауданымыздан ауыл әкімдері, ауылшаруашылығы бөлімінің қызметкерлері, шаруа қожалық жетекшілері мен жыл бойы егіс даласында қызмет еткен еңбеккерлер қатысты. Жиын барысында ауылшаруашылығы саласының жетістіктері сараланып, бірқатар жұмыстар қорытындыланды. Сонымен қатар, үздіктер анықталып, биылғы жылды табысты аяқтаған диханшылар лайықты түрде марапатталды.

Биыл аудан бойынша 86666 гектар масақты дақыл толық орылып, қамбаға 224600 тонна астық құйылған. Бұл көрсеткіштерге өз үлестерін қосқан ауданымыздың бірнешемеханизаторларына жиында үлкен ілтипат көрсетілді. Атап айтар болсақ, «Ақтоған» және «Шәушен» шаруа қожалығының механизаторлары Егор Кудряшов пен Мақсат Әбжапаров облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса,«Мақпал», «Ақтоған» шаруа қожалықтарының механизаторлары Қазбек Межидов пен Алексей Дочкинге аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың атынан алғыс жарияланды. Бұл жетістіктердің басы ғана болатын.

 Салтанатты жиында агроөнеркәсіп саласына қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі үшін «Шалқар» шаруа қожалығының басшысы Шалқар Төкеев Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапатқа Шалқар Құрағанұлы әбден лайық. Себебі, аудандағы егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының ішінде “Шалқардың” шоқтығы  биік. Сондықтан болар, шаруасы шалқыған қожалық үздіктер қатарынан көріне білді.

«Еңбек етсең емерсің» — дейді дана қазақ. Еңбектің нағыз үлгісін көрсеткен құландық дихандар жиында

 өңірдегі 10 ауданның ішінде Жамбыл мен Меркі ауданын алдыға жіберіп, үздік үштікке енді. Сөйтіп, аудан әкімі Асқар Қырықбаевқа арнайы кубок пен мақтау қағазы табыс етілді. Бұл марапатты аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлерінің ортақ жетістігі деп білеміз.

 Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Comments (0)
Add Comment