Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты: Қазақстан жетінші орында келеді

Катар астанасы Дохада өтіп жатқан спорттық гимнастикадан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы  әзірге жетінші орында келе жатыр.

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан ерлер командасы бірінші іріктеу кезеңінен соң жетінші орында келеді.

Кешегі сында барлығы 24 команда өнер көрсетті. Біздің құрама намысын Милад Карими, Ілияс Азизов, Ербол Жантықов, Нариман Курбанов және Аким Мұсаев қорғаған болатын.

Алты жаттығу қорытындысы бойынша Қазақстан командасы жалпы есебі 239.291 ұпай жинады. Құрама спортшылары қол тіреп секіруден ең жоғары ұпай алды — 41.532.

Дәл қазіргі сәтте Қазақстан спортшылары жетінші орында келеді. Бірінші орында — Ресей, екінші орында — Нидерланд, үшінші орында Швейцария құрамалары.


Бүгін, 26 қазан күні, іріктеу кезеңінің екінші күні басталады. Спорттық гимнастиканың үздігі саналатын АҚШ, Жапония және Қытай спортшылары жарысты бүгін бастамақ. Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша финалға жолдама алған командалар анықталады.

Айта кетелік, жекелей сында Нариман Құрбановтың финалаға өту мүмкіндігі жоғары. Ол ат снарядындағы жаттығуда 14.466 ұпай жинады.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment