Шулық кәсіпкер көпбалалы отбасына баспана тарту етті

Астана күні қарсаңында Балуан Шолақ ауылында ауылдың кәсіпкер азаматы, «Қалқа» шаруа қожалығының жетекшісі Сағадат Мадалиев сол ауылдың тұрғыны, көп балалы әке Қасымбек Дәрменбековке баспана сыйлады. Аталмыш игі іс облысымыздағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан қайырымдылық шараларын жалғай түсті.

БАспаналы болып, бақыт шамының жылуын сезген қуаныш иелерін Шу аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» басшысы Садықбай Көпбаев арнайы барып, құттықтап қайтты.
– Ауылдың бірлігі бекем, тірлігі мығым, татулықты ту еткен тұрғындары кез келген сәтте «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бола біледі. Мен оған ауылда әкім болып жүргенде-ақ көзім жеткен. Баспаналарыңызға бақ-береке дарып, бау-бақшаңыз жайнай берсін. Алты баланың бәрі болмаса да бірі «елім» дейтін азамат болсын,-деді Н.Сұлтанбаев.
Игілікті істің басы қасында жүріп, көпті қуанышты сәтте жұмылдыра білген, көргені мен түйгені мол, ақжаулықты әже Шымшық Мадалиева бастаған «ауылдың жеті қазынасы» аталып кеткен Нұржамал, Үміт, Тұрсынкүл, Орынкүл, Күлән, Дәмегүл сынды аналар және ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Сағындықов бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жаңа қоныс берекелі болсын деп, көрші-қолаң, ағайын-туысқа дәм татқызды. Сондай-ақ, отбасылық кәсіпкерлер жаңа қоныстың иелеріне тоңазытқыш сыйға тартып, жоғарыда аты аталған жайсаң мінез аналар қуаныш иесінің алты баласына киім-кешек үлестірді.
Расымен де шын мұқтажға жомарттық жасаудың сауабы мол. Сауапты іске-самалдай есілген, тұлпардай көсілген, кәсібінен нәсібін тапқан жігіт ағасы С.Мадалиевтың жақсылығы жетерлік. «Жомарт жігіт баймен тең» демекші ақкөңіл азаматты ауыз толтырып айта жүрер мәрттігі көпке үлгі бола білді.
-Анам үнемі: «Жақсылық жасаңдар, қайырын өздерің көресіңдер»,-деп отырады. Ол кісінің әр сөзі біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Балалардың шат күлкісін көру-біз үшін қуаныш,-дейді қожалықтың қожайыны.
«Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Алтын құрсақты аналардың тектілігінің,тазалығы мен тәрбиесінің ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін аталарымыз осы бір мақалдың аясына сыйғызған. Сексеннің сеңгіріне шықса да Шымшық анамыз көргендік танытып, көптің көңілінен шығып, әсерлі әңгімесімен, жүйелі сөздерімен, имандылық иірімімен елді ынтымақта, бірлікте болуға үндеді. Біткен іске бір кісідей қуанып жүрген болмысы бөлек анамыздың батасын алып, біз де қуанышпен тарқастық.

Айғаным Асқарбек

Comments (0)
Add Comment