Шуда әлеуметтік дүкен ашылды

Жуырда Шу ауданында «Аялы алақан» атты айрықша әлеуметтік дүкен ашылды. Бұдан бұлай аудандағы аз қамтылған отбасылар үшін аталмыш дүкеннен өзіне қажетті азық-түлік пен керекті киім-кешегін ақы төлемей-ақ алуға мүмкіндік туып отыр. Дүкенді ашудағы басты мақсат – тұрмысы төмен және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіру, көмек қолын созу.

Бұл ауданда бүгінгі күнге дейін ашылып отырған екінші дүкен екенін де айта кетуіміз керек. Бұрнағы жылдары аудандағы «Үміт үйі» қоғамдық бірлестігі Төле би ауылынан дәл осындай әлеуметтік дүкен ашқан болатын. Қазіргі кезде жұмысын бір жүйеге келтіріп алған аталмыш дүкенді аудан тұрғындары жақсы біледі. Қайырымдылық жасауға ниеттенген тұрғындар да осы дүкенге қайырылып, хәл-қадірінше көмек қолын созып келген. Енді міне,  40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласынан «Аялы алақан» атты әлеуметтік дүкен ашылып отыр. Орталық базардағы «Достық» үйінің ішінен ашылған дүкенге «Сауда-сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры В.Лыткин қолдау білдіріп, дүкеннің тұратын орнын тегін беріпті. Сонымен бірге, әлеуметтік дүкеннің ашылуына себепші болған азаматтарға аудан әкімдігі мен «Жастар ресурстық орталығы» қолдау білдіргенін айту керек.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» дейді қазақ даналығы. Бұл дүкенді ашқан азамат та бірнеше жылдан бері мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, әлеуметтік ортада әр түрлі деңгейдегі отбасылардың кем-кетігін жамап жүрген Еркін Түлебаев есімді азамат. Мұқтаж жандарға әрдайым көмек қолын созудан шет қалмайтын ол бірнеше жылдан бері аудандағы «Еріктілер қозғалысына» жетекшілік етіп келеді. «Қашанда көршісін аш қалдырмаған қазақ халқымыз «Елде болса, ерінге тиеді» деп, жарты нан болса да бөліп жеуге дайын тұрған ғой. Бәлкім, бұл да біздің бойымыздағы осындай ізгіліктің ұшқыны болар. Алайда, біз ашып отырған әлеуметтік дүкеннің артында аты-жөнін атамауды өтінген бірқатар кәсіпкер азаматтар да бар. Көзге көрінбегенімен, көп еңбек сол кісілердікі», – дейді ол өз сөзінде.

Байқағанымыздай, дүкен ішіндегі сөрелерге су жаңа, әрі сапасы жоғары аяқ-киімдер мен түрлі өлшемдегі киім-кешектер қойылыпты. Бұлардың барлығын аудан кәсіпкерлері әкеліп өткізген. Бейсенбі мен жексенбі күндерінің аралығында жұмыс істейтін дүкеннен көмекке зәру жандар өз керегін тегін ала алады. Бұдан бөлек, аталған дүкенде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ет, ұн, май және қант сынды азық-түлік түрлері де беріледі екен. Тіпті, мұнда балаларға арналған ойыншықтар да бар. Таңдау – әр адамның өз еркінде.

Айта кетуіміз керек, аталмыш дүкенге кез келген тұрғын өзі пайдаланбайтын, алайда киюге жарамды киім-кешектері мен балалар ойыншығын және азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілікке керекті барлық заттарды өткізуіне болады.

dalanews.kz

Comments (0)
Add Comment