Бүгінде танымал тұлғалар жайлы аңызға бергісіз әңгіме көп. Мұндай дүниелер осы уақытқа дейін айтылып келген, бұдан кейін де айтыла бермек. Ал халқымыздың көрнекті өнер адамдарының шығармашылығы жайлы да жиі сөз болады. Тұтас халықтың жүрегіне жол тапқан танымал шығарманың дүниеге келу тарихы кімді де болсын қызықтырмай қоймасы ақиқат. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың халық арасына кең тараған барлық әндерінің өзіндік тағдыры мен тарихы бар. Атақты композитор жайлы талай естеліктер жазылды. Көзкөрген, онымен сыйлас болған азаматтар есте қалған естелігімен бөлісті.
Тарихи тұлға үшін қазақтың әрбір жері өзінің құтты мекені. Дей тұрғанмен, Шәмші Қалдаяқов үшін Әулиеата өңірінің өзіндік орны бар. «Дүнген қызы» деп талай тыңдарманның жүрегін жаулаған композитордың кезінде «Дунгановка» деп аталатын ауылда үй салып, біраз уақыт тұрғанын ел біледі. Өмірінің соңғы кезеңінде де Жамбыл қаласында болғаны тағы шындық. Жуырда бізге Жамбыл ауданынан Байбатыр Мыхаев деген азамат хабарласып, Шәмшінің бір әні туралы өзі куә болған әңгімені айтты. 1974 жылы Жамбыл қаласына Шәмші Қалдаяқов келіп, Жамбыл педагогикалық институтында композитормен кездесу өтеді. Бұл жерге жергілікті тыңдармандармен қатар, сол кездегі жамбылдық өнерпаздар түгелдей қатысады.
– Сол кездесуде мен де болдым. Өзім өнер адамы болмасам да өнер адамдарын жақсы сыйлаймын. Бір күні сол кездегі «Алатау» триосының мүшесі Алтынбек Оразбеков қалаға Шәмші ағамыздың келгенін айтты. Алтынбек екеуміз Жамбыл технологиялық институтында бірге оқитын едік. Әрі екеуміз де Жамбыл ауданының Куйбышев совхозынан болғандықтан, үнемі бірге жүреміз. Сөйтіп кездесуге бардық. Сонымен қатар, кездесуге «Алатау» триосының мүшесі, кейіннен атақты өнер адамы болған Алтынбек Қоразбаев та барып, Шәмшімен қатар отырды. Бірін-бірі жақсы таниды екен. Кездесу барысында халықтың сұрағына орай Шәмші Қалдаяқов «Қайықта» әнінің тарихын өз аузымен әңгімелеп берді. Ал кейіннен елдің айтып жүрген «Шәмші бір қызбен бірге қайыққа мініп қыдырыпты. Оны жақсы көрген соң ән шығарыпты» деген сөздің бәрін қате деп білемін. Және кейіннен түсірілген «Шәмші» фильміндегі бұл әнге қатысты деректер де қисынсыз. Сондай-ақ сол кездесуде Шәкең өмірі қайыққа мінбегенін айтқан, – дейді Байбатыр Мыхаев.
Алматы қаласындағы М.Горький саябағында композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов серуендеп жүреді. Алатаудың салқын ауасын көкірек кере жұтып, жұпар иісіне елтиді. Өнер төңірегінде өзара сұхбат құрады. Сонда Шәмші қайыққа мініп алып, ары-бері су бетінде жүзіп жүрген көркем қыздардың сұлулығына сүйсінеді. Қазақ қыздарының көркемдігіне тамсанады. Бұл көрініс өнер адамының қиялына қанат бітіріп, шабытын шалқытып, көкірегіне көркем саз ұялатады. Жанында отырған Нұрсұлтан ақынға жақсы бір ән туып келе жатқанын айтып, әннің мәтінін жазып беруін сұрайды. Композитордың көңіліне ерекше әсер еткен сол бір көріністен әйгілі «Қайықта» әні дүниеге келеді. Осы бір оқиғаны Шәмші Қалдаяқов өз аузымен Жамбыл қаласындағы кездесу кезінде айтып берген екен. Және сол күні Шәмшінің Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған «Мойынқұмда» әні тұңғыш рет Жамбыл қаласында шырқалып, қалың қазаққа жол тартады.
Шынында да өмір ағып жатқан өзен сияқты. Бір арнаға сыймайды, бір соқпақпен жүрмейді. Бірақ уақыттың дауылы да, жауыны да әсер ете қоймайтын алып таланттардың табиғи туындылары халықтың жүрегінде мәңгілікке қала береді. Қазақ топырағын сағыныш болып тербетіп тұрады.
Хамит Есаман