«СӘУЛЕТТІК БЮРО»: КЕЛБЕТІ КӨРКЕМ, КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ҚАЛА КЕПІЛІ

Көпшілік соңғы уақытта Таразды тотыдай таранған шаһарға айналдыру жолында талай шаруа тындырылғанын анық байқап жүр. Әсіресе, саябақтар мен скверлердің түрлене түскеніне тұрғындар  дән риза. Көне шаһарға өзгеше реңк берудің екінші кезеңінде қолға алынатын жұмыс көлемі де ауқымды. Қаланың ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи ерекшелігін сақтай отырып көркейтуде жаңадан құрылған «Сәулеттік бюро» аталатын мекеменің өзіндік қолтаңбасы бар.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей ұйытқы болуымен маусым айынан жұмысын бастаған мекеме қалада бой көтеретін нысандардың нобайын сызып, макетін дайындайды. Ал, бұл сызбалар апта сайын облыс әкімінің төрағалық етуімен өтетін қала құрылысы кеңесінде талқылынады. Өңір басшысымен бекітілген нобайлар нысан құрылысын жүргізу үшін мердігер компанияларға беріледі.

Қазіргі таңда бюрода 8 сәулетші жұмыс істейді. Жұмысымызды бастаған 4 ай ішінде қаладағы жаңа құрылыс нысандар композицияларының барлығына  біздің сәулетшілер өз үлестерін қосып үлгерді. Мәселен,  бұрын «Махаббат аллеясы» аталған саябақ «Жастар» аллеясы болып қайта жаңғыртылуда. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. «Сәулеттік бюро» аллеядағы ескі субұрқақтарды жаңарту жұмыстарын жобалаумен де  айналысты. Сондай-ақ, саябақтағы Ұлы Отан және  Ауған соғыстары құрбандарына арналған ескерткіштер алынып, олардың орнына «Білім» «Қарахан — Айша бибі» стеллалары орнатылады. Ал,  субұрқақтарға әртүрлі түс беретін арнайы қондырғылар қойылмақ. Саябақтың ортаңғы бөлігінде ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін коворкинг орталық бой көтереді, – дейді «Сәулеттік бюро» мекемесінің  директоры Арман Әбдешов.

Мұнан бөлек Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтағы «Желтоқсан-86. Тәуелсіздік ұшқыны» аталатын композициясы мен «Ерлік» мемориалдық кешенінің жобасын әзірлеуде де мекеме мамандары тынымсыз тер төкті.  Қазір облыс орталығындағы қарқын алған құрылыстың қай-қайсысында болмасын жобалау жұмыстары толығымен сәулеттік бюроның шығармашылық тобымен дайындалады.

– Келесі жылы 42 гектар аумақты қамтитын 15-ықшам аудандағы бірқатар әлеуметтік  нысандардың құрылысы басталады. Бұл орын Тараз қаласындағы мәдени-іскерлік орталыққа айналмақ. Себебі, мұнда Оқушылар сарайы, Конгресс-холл, Қаржы орталығы, Неке қию сарайы, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді әлеуметтік нысандар және спорттың көркем гимнастика, жеңіл атлетика сынды түрлеріне арналған манеждер және «Мұз сарайы» салынады. Бүгінде аталған нысандардың эскиздері толығымен әзірленіп, облыс әкімінің келісімімен мердігер компанияларға ұсынылды, – дейді А.Әбдешов.

«Сәулеттік бюро» жетекшісі келесі жылдан құрылысы қолға алынатын «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық паркі аумағындағы мәдени кешен эскизі толығымен орта ғасырдағы сәулеттік үлгімен салынатынын айтады. Тіпті, мамандардың бір тобы Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара қалаларында болып, олардың құрылысындағы сәулеттік ерекшеліктерін зерделеп қайтқан екен.

– Тарихтан мәлім,  бұл қалалардағы сәулеттік нысандар Әмір Темір билік құрып тұрған тұста Парсы шығанағы елдерінің үлгісінде салынған. Мұндағы сәулеттік ерекшілік – әрлеу жұмыстарына қыштастың пайдаланылғаны. Қазіргі таңда Жамбыл ауданында мәдени кешен құрылысына қажетті қыштасты әзірлейтін өндіріс орны өз жұмысын бастады.

Жалпы, кешен облыстық өлкетану мұражайы, көркем сурет галереясы, көрме орталығы, «Руханият» орталығы сынды ғимараттарды қамтиды. «Көне Тараз» тарихи-мәдени археологиялық паркі мен «Шахристан» сауда орталығының ортасында орналасқан Жамбыл Жабаевтың ескерткіші көшіріліп, оның орнына биіктігі 45 метр болатын сағат тұрғызылады. Міне,  осынау нысандардың сыртқы әрлеуіндегі әрбір өрнекке дейін бюро сәулетшілерімен мұқият жобаланады, – дейді «Сәулеттік бюро» директоры.

Әу баста сәулеттік бюроны құрған тұста бұл мекеменің негізі міндетіне қаладағы көрнекі жарнаманы реттеу жұмыстары да кірген. Бүгінде бюрода бұл бағыттағы жұмыстар да өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Бұл орайда, мемлекеттік кірістер  органдарымен тығыз байланыс орнатқан бюро қызметкерлері кәсіпкерлерге көрнекі жарнама үшін салықтық төлем жасау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Тіпті, республикадағы кей шаһарларда жарнама арқылы қала бюджетіне қыруар салық түсіру тәжірибесі бар.

Осылайша жаңадан құрылған мекеме аз уақыттың ішінде-ақ ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырып үлгерді. Алдағы мақсат та айқын. Ендеше, сапаға иек артқан  «Сәулеттік бюроның» жұмысына сәттілік серік болғай!  

Comments (0)
Add Comment