Сала мамандары сынға түсті

Жамбыл спортының жұлдызы әркез биік екені даусыз. Оған дәлел,өңір спортшылары әлемдік додаларда атой салып, Олимп биігін де сан мәрте бағындырды. Бұл намысы «найзағай» спортшыларымыз бен білікті бапкерлеріміздің арқасы екені даусыз.
Міне, осындай жампоздарымыз өздерінің кәсіби мерекесі Спорт күні «Тараз-Арена» спорт кешенінде бас қосып, спартакиадалық ойындардан сынға түсті.

Өткен сенбіде өткен жарыс тартысқа толы болды. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков пен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Жанна Алшынбаева спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі.
Жалпы, аталмыш жарысқа 30 командадан 400-ден аса адам қатысты. Олар шағын футбол, жүзу, үстел теннисі, қол күресі, кір тасын көтеру, жеңіл атлетика және арқан тартыстан сынға түсті. Әрине, бәсеке болған жерде қатысушылардың барын салатыны белгілі. Бұл жолы да мамандар аянып қалған жоқ. Жеңіске деген жігер танытып, шеберліктерін байқатты.
Дегенмен, жүлде саны шектеулі. Оған тек қарсыласын қапы қалдырып, қара үзіп шыққандар ғана қол жеткізеді. Спартакиаданың қорытындысында үстел теннисінен ерлер арасында №2 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі командасының мүшесі Талғат Райымбеков үздік деп танылса, әйелдер бәсекесінде Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы спорт мектебінің намысын қорғаған Несіпкүл Серқұлова жеңімпаз атанды. Ал, кір тасын көтеруден №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Виталий Трубин алдына жан салмады. Өз кезегінде №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкері Махсун Қамбаров ерлер арасында білек күшінің мықтылығын дәлелдесе, әйелдер сапында №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі командасының өкілі Оксана Письменнаяның бағы жанды. Жүзуден жасы 40-қа дейінгі спортшылар арасында сынға түскен №4 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкері Павел Рянзин, қырықтың қырқасынан асқан қатысушылар арасында жоғары спорт шеберлері командасынан Сәбит Усепов үздік шықты.
Бұл күні жүзу сайысында да нағыз мықтылардың айы оңынан туды. Әйелдер арасында жарысқа қатысқан №4 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тағы бір өкілі Диана Икрамова ешкімге дес бермей, мәреге бірінші жетсе, арқан тартыстан Аса ауылының балалар мен жасөспірімдер мектебінің командасы қарсылас шақ келтірмеді. Жеңіл атлетикадан командалық жарыста Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы Ж.Үшкемпіров атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Шағын футболдан «Тараз» футбол клубының командасы қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді.
Жалпыкомандалық есепте №2 облыстық маман­дандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы көш бастады. Ал, екінші орынды №4 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы жеңіп алса, үздік үштікті Жамбыл ауданы, Аса ауылының балалар мен жасөспірімдер мектебі түйіндеді.

Comments (0)
Add Comment