Рухани жаңғырудың өзегі – әдебиетте

Жауһар Тараз – батыр­лардың ерлігі, бабалардың даналығы, аналардың батасы һәм арулардың қайталанбас сұлулығы сіңген ақындардың мәңгілік музасына айналған шаһар. Рудаки мен Фирдоусидей Шығыс жұлдыздары мың жыл жырлап өткен қарт қаланың қасиеті тағдырлы тархан тарихта да, әмбеге аян әдебиетте де өзіндік орны бөлек. Троямен тағдырлас, Самарқанмен замандас, дүйім жұртқа пана, Отырарға аға болған бұл қарашаңырақ тәуелсіз ел ақын-жазушыларының туындыларына да арқау болып отыр. Осы орайда, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен тұңғыш рет Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі отырысы көне шаһардан бастау алды.

Келелі кездесу

Қалам мен қаруды қатар ұстап, шындық пен әділдікті қорғап өткен даңқты батыр Бауыржан Момышұлы мен қаранар қаламгер Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған киелі өлкеде жұмыр ойлы ақын-жазушылар да, жалынды жас ғұмырын әдебиетпен байланыстырып өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ та аз емес. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, оның орынбасары Мереке Құлкенов және белгілі суретші Еркін Нұразхан тұңғыш рет ұйымдастырылған шарапаты мол шараға арнайы қатысты. Бұрын-соңды болмаған басқосуды облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізді.
Еркін форматта ұйымдастырылған жиында әуелі Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман сөз алып, шығармашылықты шыңдау бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Жас буын әдебиетте өзіндік бағасын алып, өзін дәлелдеу үшін үлкен дүниелер қажет. Сондықтан, облыс әкімінің және облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жергілікті бес жас ақынның жеке-жеке жыр жинақтарын жарыққа шығару мәселесі қарастырылып отыр. Олар жас та болса республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, танылып үлгерген. Сонымен қатар, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып, Тараздағы жас таланттардың ұжымдық жинағын шығару ұйымдастырылуда. Оған 16 жас ақынның өлеңдері енгізілді. Сондай-ақ жуырда Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жергілікті ғалымдардың, мәдениет қызметкерлерінің, жас ақындардың қатысуымен қазақтың көр­некті ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімов­тың шығармашылығын талдауға арналған пікір алмасу, талқылау жиыны болған. Мұндай басқосу енді тұрақты түрде айына бір рет ұйымдастырылады деген жоспарымыз бар. Бұл шара үлкен әдебиетте өзіндік орны бар аға буын қаламгерлердің шығармаларындағы ұлттық бояуды, қалыптық танымды сезіну үшін, жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау үшін туындап отыр. Және Жамбыл өңірінде бүкіл қазаққа танылып, бірақ, тағдырдың жазуымен ерте дүниеден озған Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов, Салтанат Абашова, Өрнек Құлекеевтерді еске алу кештерін аудан әкімдерімен бірлесіп, жергілікті жерлерде ұйымдастыру қарастырылуда. Ауылдық жерлерде, аудандарда тұратын қаламгерлердің жеке шығармашылық кештерін, жас ақындардың әдеби шараларын ұйымдастыру үшін де бірқатар аудандарға шығып, келісімін алдық. Аталмыш шара Байзақ ауданынан бастау алмақ. Осы секілді көптеген жоспарларымыз бар. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен де тығыз байланыстамыз. Еліміздің түрлі айтулы күндеріне орай жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, шығармашылық адамдарды қолдау мақсатында мүшәйралар ұйымдастырсақ деген ойымыз бар. Сондай-ақ, облысымыз қазақтың үлкен ақынының атымен аталған жалғыз өңір болғандықтан, Жамбыл жерінде үлкен поэзия фестивалі өтсе деген ниетіміз бар, – деді филиал директоры.
Бұдан әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұ.Есдәулет сөз тізгіндеп, одақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жан-жақты таныстырып, алдағы ауқымды жоспарлар жайлы, жастарға қолдау көрсету бағытында кеңінен әңгіме өрбітті.
– Жақында Астананың 20 жылдығына орай халықаралық поэзия форумын өткіздік. Оған біраз мемлекеттерден, Аустралиядан, Франциядан ақындар қатысты. Өзіміздің де көрнекті ақындарымыз атсалысты. Еуразия әдеби форумын қолға алдық. Ол осы айдың 20-21-де Астанада екі күн бойы өтеді. Оған көптеген елдерден ақын-жазушылар келе жатыр. Бұл бір жағынан Астананың дәулетін, сәулетін, сондай-ақ, Қазақстанның келбетін таныту мақсатында ұйымдастырылмақ. Өз қазанымызда қайнай бермей, сыртқы дүниелермен, басқа елдердегі әдебиетпен байланыс орнату мақсатын көздеп отырмыз.
Зерделеуден білгеніміздей, одақ мүшелігіндегі 800 жазушының 500-і зейнеткер. 200-і зейнет жасына жақындап қалғандар. Тек жүзі ғана 45-50 жастағылар. Осылайша, Қазақстан Жазушылар одағы тек қарт қаламгерлердің ұйымы болып шықты. Жас күштер қайда? Поэзия жас кезде жазылатын еді ғой? Жазушыларымыз неге қартайып кеткен деп секем алып қалдым. Сөйтсем, жастарымыз жоқ емес, бар екен. Бірақ, осы күнге дейін қолдау көрсетіліп, көңіл бөлінбеген. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан жас жазушылардың кеңесі құрылды. Жазушылар одағына қабылдау комиссиясы құрылып, онда жиырма шақты жас одаққа қабылданды. Біраз жобаларымыз Үкімет тарапынан мақұлданып, қаржыландырылып жатыр. Ең бастысы – жастарға жаңаша ойлап, жаңаша жазуға жағдай жасауымыз қажет, – деп Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы өңірдегі әдеби әлеуетке, аймақта атқарылатын алдағы жоспарларға, жастарды қолдауға ниет білдіріп, жанашырлық танытып отырған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке және облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалиға алғыс айтты.
Ал одақ төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов Бауыржан мен Шерхандай маңдайалды марғасқалардың ізін жалғап, көшін бастап жүрген Несіпбек Дәутайұлын қазіргі қазақ прозасының жолбарысы деп бағалап, белгілі әулиеаталық қаламгерлер Қуандық Шолақ, Пернебай Дүйсенбин, Қайырбек Асанов, Шырын Мамасерікова, Айша Көпжасаровалардың шығармашылығымен бұрыннан таныс екенін жеткізіп, осындай аға буынның ізінен ерген жастарға шығармашылық шабыт, толағай табыс тіледі. Жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы қасиетті қара шаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағынан әдебиетіміздің апогейлеріне айналған қаламгерлердің мұражайын ашу және одақтың өзіндік баспасын құру туралы ұсынысымен бөліссе, ақын Қуандық Шолақ бұған дейін
1-томы демеушілердің көмегімен жа­рық көр­ген таңдамалы шығармаларының қалған 2-томының шығуына одақ тара­пынан көмек болса деген өтінішін жеткізді. Үміт Битенова плагиатпен айналысып жүрген жастарға тоқтау салу жөнінде пікірін айтса, Ғайни Әлімбекова жырдан шашу шашып, көне шаһарға арнайы ат басын бұрып келіп отырған қонақтарға алғысын жеткізді. Ал, белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы Жамбыл жерінде жалынды жас таланттарды қолдау мәселесі күн тәртібінен түспеуі керектігін баса айтты. Салмақты ойлар, жұмыр жоспарлар сөз болған жиынды облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали қорытындылады. Басқосудан соң қадірлі қаламгерлер Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жауһар жәдігерлермен танысты.

Жазушылармен жүздесті

Осы күні аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, одақ төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов және суретші Еркін Нұразханмен кездесті.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлы келген қонақтарға өңірде руханиятқа қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.
«Қазақ хандығы» монументі маңынан Тараз қаласы тұнған тарих ордасы екендігін көрсететіндей үлкен мұражай соғу жоспарланғанын және Тектұрмас кесенесінің қасынан тарихи кешен бой көтеретінін тілге тиек етті.
Өз кезегінде ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Жамбыл облысындағы әдебиет пен мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда ілгерілеу бар екендігін айтып, облыстағы талантты 5 жас ақынның кітабын шығару бойынша қолға алынған іс басқа да өңірлерге үлгі боларлықтай бастама екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, Ұлықбек Оразбайұлы ҚР Жазушылар одағы мен Жамбыл облысының әкімдігі бірігіп, болашақта әдебиетшілерге арнап «Жамбыл» атындағы сыйлық дайындау туралы ұсынысын айтты.
Кездесу соңында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет облыс әкімі Асқар Исабекұлына естелік кітабын сыйға тартып, алдағы жұмысына табыс тіледі.

Қаһарманға құрмет

Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына орай әдеби кеш өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өткен шарада Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Естәулет пен тағы да басқа бірқатар әдебиет майталмандары бас қосты. Ұлы тұлғаның ерлік істерін ұрпақ жадында жаңғыртпақ ниетпен ұйымдастырылған әдеби кеш жоғарғы деңгейде өтті.
Алдымен кеш бейнесюжетпен ашылып, батырдың өмірі мен өткен күндерінің бел-белестеріне шолу жасалды. Одан кейін сахнада «Мәдени-тынығу жұмысы» кафедрасы студенттерінің қатысуымен Қасым Қайсеновтің соғыстағы өмірінен үзінді ретінде театрландырылған көрініс көрсетілді. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағаның басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет батырдың майдан шебіндегі және одан кейінгі шақтағы бастан кешірген күрделі де қызықты оқиғалары туралы әңгімеледі. Ер есімінің ел есінде мәңгілік сақталатындығын тілге тиек етті. Келесі болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов өткір мінезімен өн бойына кісі тіктеп қарауға қорқатын қаһарманның қағытпа қалжыңға да жоқ еместігін айтты. Көп жылдан бері майдангердің хатшысы болған, қасында біраз жыл қызмет істеген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Нұразханов та әдеби кешті ұйымдастырушыларға алғысын айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді. Ал, жазушы-драматург Елен Әлімжан тарихи тұлға туралы өз ой-пікірін ортаға салды. Сондай-ақ, кеште М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Шапағат Әбдіров жүрекжарды толғауын нақышына келтіре шырқаса, жас ақын Жұматай Көксубай мен Елдар Ханжанұлы да қаһарманға деген құрметін өз өлеңдерімен жеткізді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments (0)
Add Comment