Павловнияның пайдасы мол

Талас өзенінің бойында орналасқан Тараз қаласына таяқ қадасаң тал өсетінін ғылыммен дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оған көне шаһар көшелеріне көрік беріп, қала экологиясына қызмет етіп тұрған көк желегі нақты айғақ.

Облыс орталығы қазір де қалың нудан кенде емес. Алып ағаштармен көмкерілген саябақтарын айтпағанның өзінде, көшелерде де тал-дарақтың түр-түрі өсіп тұр. Соған қарамастан шыбық қадау дәстүрі жыл сайын жалғасын тауып келеді. Дегенмен, кейбір жерлердегі қылқанжапырақты ағаш көшеттерінің Тараз топырағын жерсіне алмай, қурап қалғанын несіне жасырамыз. Оның үстіне мұндай ағаштар қалаға сән бергенімен, көлеңкесіне жарытып саялай да алмайсың.
Байқаған болсақ, биыл Тараздың көрікті жерлері мен сквер, аллеяларында жапырағы алып ерекше ағаштар жайқалып өсіп келеді. Ол – павловния ағашы. Қала аумағына биыл тұңғыш рет отырғызылған бұл ағаш Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан жеткізіліпті.
Ерте көктемде егілген павловния көшет­тері қазір кәдімгідей бой тіктеп, жүрек пішіндес жапырақтары да алыстан «менмұндалап» көздің жауын алады. Тараздықтар үшін әзірге таңсық болып отырған ағаштың «қал-жағдайын» сұрау мақсатында «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС көгалдандыру учаскесінің меңгерушісі Гүлнар Оразалинамен арнайы «Жеңіс» саябағында жолықтық.
– Павловнияның ерекшелігі тез көте­ріле­тіндігінде. Және де жүрек пішіндес алып жапырақтарының диаметрі 45-75 сан­тиметрге дейін жетеді. Бұл, біріншіден, көлеңкесінде тынығуға таптырмас саялы ағаш болса, екіншіден, сол үлкен жапырақтары фотосинтез кезінде өзге ағаштарға қарағанда атмосфераға мол оттегі бөледі. Қазір бұл ағашты ерекше күтімге алып, жіті бақылап отырмыз. Күн ыстық болса, екі мезгіл суғарамыз. Кейін үлкен болып өскеннен кейін күтімді аса көп қажет етпейді,– дейді он жылдан аса «Жасыл Ел-Таразда» жұмыс істеп келе жатқан биолог Г.Оразалина.
Негізінен Қытайдың тропикалық аймақтары мен Қиыр Шығыста, Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде өсетін бұл ағаш Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында да жайқалып тұр. Демек, павловнияның қоңыржай белдеудегі Қазақстан жерін де жатсынбай, жайқалып өсетініне күмән жоқ. Г.Оразалина күзде Тараздың халық көп келетін қоғамдық орындарына павловния ағашын тағы да отырғызу жоспарланып отырғанын айтады.
– Жалпы, биыл 614 түп павловния көшетін отырғыздық. Олар Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті, «Жеңіс» саябақтарына, Д.Қонаев ескерткішінің жанына, «Желтоқсан», «Сарайшық», «Пушкин», «Достық» скверлеріне, «Көне Тараз» тарихи кешеніне, «Тараз» қонақүйінің алдына, Назарбаев зияткерлік мектебінің, «Қазақ хандығы» монументінің маңына егілді. Енді күзде жаңғыртылып жатқан Қ.Рысқұлбеков саябағына, Атшабар скверіне отырғызбақпыз. Шүкір, қазір саябақ, сквер, аллеялар қайта қалпына келтіріліп, тұрғындардың бір мезгіл тынығуына бар жағдай жасалып келеді. Міне, сондай қоғамдық орындарға алдағы уақытта тек қана павловния емес, өзге де сәндік ағаштарды егу жұмыстары пысықталып жатыр. Күзде қала көшелерінде жүретін санитарлық тазалық жұмыстары кезінде қураған ағаштарды кесіп, орнына басқа көшеттерді отырғызамыз, – дейді Г.Оразалина.
Әрине, әдемілігі мен оттегіні көп бөлетін биологиялық қасиетімен қатар бұл ағаштың тарихы да көпшілікті қызықтыратыны анық.
Филипп Зибольд және Йозеф Цуккарини есімді ғалымдар бұл дараққа император І Павелдің қызы Анна Павловнаның құрметіне «Павловния» атауын берген екен. Анна деп аталатын өсімдік тектері бар болғандықтан, қыздың әкесінің атымен атауды ұйғарыпты.
Алты аптаға дейін гүлдеп тұратын бұл ағаштың тұрмыс пен өндірісте де пайдасы аз емес. Ақ, көгілдір түспен алып гүл ашатын ағаштың өзі жиһаз өндірісінде таптырмас шикізат екен. Жеңіл әрі жұмсақ болған соң, Жапония мен Қытайда бұл ағашты көбіне музыкалық аспаптар, жеңіл жиһаз, шағын тұрмыстық заттар, түрлі тақтайлар, сондай-ақ, тау және сноуборд шаңғыларын, үстел теннисі ракеткаларын жасауға кеңінен қолданылады. Жұрт арасында «ағаш алюминий» аталып кеткен павловния жиһаз өндірісіне қолданылатын басқа ағаштардан шамамен 30 пайызға жеңіл екен. Оның үстіне 3 жылда 15 метрге дейін және 7-8 жылда 22-25 метрге дейін бой алады.
Қазіргі уақытта павловнияның 6 түрі белгілі екен. Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия отаны болып саналатын павловния ағашының көшеттері Қазақ елі бойынша ең алғаш Сарыағашқа Қытай елінен жеткізіліп, жерсіндірілді. Ыстық пен суыққа қатар төзетін түріне таңдау жасалып, бүгінде ол әжептәуір алқапта өсірілуде. Ең бірінші отырғызылған 35 мыңға жуық көшеттің барлығы дерлік өсіп-өнген екен.
Қыс мезгілінің кей жылдары тіршілік иесінің бәрін қатты қысатыны бар. Алдағы маусым Таразға егілген жас павловнияларға үлкен сынақ болғалы тұр. Егер суыққа ұрынбаса, павловния ағашын өзімізде де көптеп өсіруге мүмкіндік мол.

Жасұлан Сейілханов

Comments (0)
Add Comment