Өнеркәсіптік қауіпсіздік – басты назарда

Сейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы Талғат Байзақов баспасөз мәслихатын өткізді. Талғат Тоқсанәділұлы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлері туралы баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Баяндамашының айтуынша, облыстық департамент жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру, қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу сынды мемлекеттік қызметтің екі түрін көрсетеді екен. Қызмет түрлері электронды және қағаз түрінде жүргізіледі.
– Ағымдағы жылдың тоғыз айында жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу бойынша 42 сұраныс қаралып, 33-іне рұқсат берілді. Тоғыз сұраныс кері қайтарылды. Сол секілді қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу аясында 103 сұраныс қаралып, 54 жобаға келісім берілді. Ал, қырық тоғыз жобаға келісім беруден бас тартылды. «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №511 бұйрығы негізінде 6 стандарт бекітілген, – деген Т.Тоқсанәділұлы департаменттің есепті кезеңде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды.

Талғат НҰРХАНОВ

Comments (0)
Add Comment