Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай облыстық Ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауы өтті. Шараға департаменттің басқармалары мен дербес құрылымдарының, Жергілікті полиция қызметінің және Тараз қалалық ішкі істер басқармасы полиция бөлімдерінің қызметкерлерінен құралған топтар қатысты.
Еліміздегі тіл саясатының маңызды факторы ретінде этностар достығы мен бірлігін дамыту мақсатында өткен байқау департамент қызметкерлерінің мемлекеттік және өзге де тілдерді үйренуіне, тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейтуге де бағытталды.
– Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Қазақстан халқы тілдері күні биылдан бастап ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылды. Себебі, 5 қыркүйек – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сондай-ақ, Президентіміз жаңғырудың басты шарты ұлттық кодты сақтай білу, ал ұлттық кодтың басты тетігі – тіл екендігін қадап айтты, – деген Алмас Кәдірбекұлы барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау қорытындысы бойынша департаменттің Ақпараттық-аналитикалық орталығының «Гюзаль кизлар» өзбек тобы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал, жергілікті полиция қызметінің «Атамекен» қазақ тобы жүлделі екінші, Тараз қаласы ішкі істер басқармасының «Сакартвело» грузин тобы үшінші орындарды иеленді. Тараз қаласы ішкі істер басқармасы 1-полиция бөлімінің «Достық» кәріс және 2-полиция бөлімінің «Горячий каравай» орыс топтары «Көрермен көзайымы» және «Өнерлі топ» номинацияларының иегерлері атанды.
Өнер сайысының жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.