«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» мемлекеттік–әлеуметтік тапсырысы аясында облыстың мемлекеттік қызметшілерінің мемлекет қайраткерлерімен және өңірдің құрметті азаматтарымен кездесуі өтті. Аталған кездесу мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттауға бағытталды.
Іс-шара барысында тәжірибелі мемлекет қайраткерлері мен ел дамуына елеулі үлес қосқан құрметті азаматтар мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, халыққа адал қызмет ету, заңдылықты сақтау мәселелері бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесудің негізгі мақсаты – жас және тәжірибелі мемлекеттік қызметшілерге үлгі боларлық өмірлік және кәсіби тәжірибені жеткізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі иммунитет қалыптастыру.
Қатысушылар адал еңбек пен таза қызметтің маңыздылығына ерекше тоқталды. Мемлекет қайраткерлері өз сөздерінде қызметтік мансаптағы жетістіктің басты өлшемі – халықтың сенімі екенін атап өтті. Ал құрметті азаматтар өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, адалдық пен әділдік ұстанымы кез келген салада табысты болудың негізі екенін жеткізді.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны, оның алдын алуда мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігі туралы да айтылды. Ашық диалог форматында өткен іс-шарада қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты өмірлік жағдайларға байланысты пікір алмасты. Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасын нығайтып, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға деген ұмтылысын арттырады.
Іс-шара соңында адал қоғам құру жолында әрбір мемлекеттік қызметшінің рөлі айрықша екені атап өтілді. Мемлекеттік–әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған бұл кездесу сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.