Нью-Йоркте қазақстандық «Қызыл трактор» өнер тобының көрмесі ашылды

Нью-Йорк қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қызыл трактор» өнер тобының «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» ретроспективті көрмесі өтіп жатыр. Көрме 14 қазан — 30 қараша аралығына жоспарланған. Бұл — «Фокус Қазақстан» жобасы және ACAW Азия заманауи өнер апталығы арнайы бағдарламасының бір бөлігі.

Көрмеге «Қызыл трактор» қазақстандық өнер тобының үш жүзге жуық экспонаты қойылған. Онда көркем сурет, графика, монументті мүсіндік жұмыстар, кеңістіктік нысандар, инсталляциялар, перформанстардың мұрағаттық суреттері және видеолары бар. Көрменің салтанатты ашылуында «Қызыл трактор» арт тобы өзінің «Тазарту» атты танымал перформанстарының бірін ұсынды.

Қазақстанның арт-сахнасында 90 жылдардың басынан бері белсенді еңбек етіп жүрген «Қызыл трактор» қатысушылары — трансавангард қозғалысының негізін салушылар екенін атап өту керек. Топты кеңістіктік-құрылымдық композиция мектебінің оқытушысы және жолын қуушы Виталий Симаков құрған. Топ құрылған уақыттан бері атауын бірнеше рет өзгерткен  еді: «СаА тобы», «Шымкент-Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі». 1995 жылы Молдақұл Нарымбетовтың ұсынысымен оған «Қызыл трактор» атауы берілді. Әрқайсының дербес шығармашылық жолы болғанына қарамастан, топ мүшелері жиі бірігіп тұрады. Өз кезегінде, көрме әртүрлі кезеңдердегі әрбір суретшінің жеке шығармашылығын қарастырып, олардың жұмыстарының байланысы мен жаңа мазмұнын жасайды.

«Қызыл трактор» аймақта болып жатқан әлеуметтік және саяси өзгерістермен тығыз байланыста болатын көшпелілер, сопылық, шаманистік философияларды қайта ойластырып, пайдаланатынымен белгілі. Көшпелілердің тұрақты қозғалысы, 90-шы жылдардағы танымал нарратив, сондай-ақ табиғи материалдардың — ағаш, жүн, киіз, тоқыманың қасиеттілігі қолдан жасалған шаң-қобыз, домбыра және барабан сияқты халық аспаптарын пайдаланумен тең дәрежеде топтың перформанстарында жиі кездеседі.

 inform.kz

 

Comments (0)
Add Comment