«Нұр Отан» Жолдау міндеттерінің жүзеге асырылу барысына қоғамдық бақылау жүргізеді

«NurOtanTrends» пікірталас клубының отырысында «Елбасы Жолдауы: қоғамды ортақ мақсаттарға қалай жұмылдырамыз?» атты тақырыпта жиын өтті. Жиын барысында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Жолдаудағы басым бағыттарға қатысты өзінің пікірімен бөлісті.

Пікірталас отырысын ашқан «НұрОтан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының Жолдауын жүзеге асыру еліміздің күн тәртібінде тұрған басты міндет екенін айтып, бұл құжат әр қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанына назар аударды. Сонымен қатар ол «Нұр Отан» партиясының Жолдау басымдықтарының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізетінін тілге тиек етіп, осы бағыттағы тиімді тетіктерге тоқталып өтті.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру үшін Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілгені белгілі. Соның аясында алты блок бойынша шамамен 100 іс-шара өткізілмек. Олар халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгеріс үдерістеріне атсалысуы сияқты бағыттар бойынша іске асырылмақ.

Елбасы бастамаларының қаржылай көлемі 1,5 триллион теңгеден асады. Ал жиынтық әсері одан да көбірек.

Осы орайда сарапшылар мұның халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін беретінін сөз етті. Сондықтан шын мәнінде бұл реформаларды бақылау тетіктерін күшейтудің маңызы зор. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді нәтижелі жүзеге асыру үшін Үкімет пен мемлекеттік органдарға жыл соңына дейін нақты индикаторлар мен жол картасын даярлап, реформалар үшін қажетті заң жобаларын Парламенттің қарауына уақытылы жолдауды тапсырды.

Осыған орай Президент Әкімшілігінде Елбасы тапсырмаларының орындалуын қатаң бақылап, тексеріп, жүйелі жүзеге асырылуын талап ететін және сол бойынша Мемлекет басшысына есеп беретін Ұлттық жаңғыру кеңсесін құру жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment