NEET жастар азайып келеді

Ел болашағы жастардың қолында десек, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы аса маңызды. Бүгінгі таңда облысымызда 240 222 жас бар. Бұл өңір тұрғындарының 21,5 пайызын құрайды. Осы орайда, өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл туралы облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кеңінен әңгімеледі.

Мәди Мейірбекұлының айтуынша, облыста NEET жастарының қатары азайып келеді. Еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың көрсеткіші өткен жылы 14,2 пайыз болса, биыл 9,2 пайызға төмендепті.
Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою үшін атқарылып жатқан тірліктер де аз емес. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 9 059 жас жұмыспен қамту шараларына тартылыпты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,
ІІ тоқсан қорытындысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрап, өткен жылдан 1,9 пайызға төмендеген. Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 25,3 миллион теңгеге және әлеуметтік тапсырыс бойынша 22,7 миллион теңгеге 1 300 жас «Жасыл ел» еңбек жасағында еңбек етуде. Сонымен қатар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы және жұмыссыз 253 жас құрылыс нысандарында маусымдық жұмыспен қамтылған.
Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасына облыс жастарынан 555 жоба ұсынылып, оның 222-сі қолдау тапқан. Соның нәтижесінде өңірге 435 миллион теңгеге инвестиция тартылыпты. Бұл 222 жобаның 77-сі облыс орталығынан болса, қалған 145-і аудандар мен ауылдардан екен. Осы жобалар арқылы жамбылдық 762 жас жұмыспен қамтылған. Оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Қ.Рахметуллина

Comments (0)
Add Comment