Қазастан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ведомстводағы реформалар туралы айтты, – деп хабарлайды «ARAINEWS» ақпарат агенттігі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«2016 жылы жергілікті полиция қызметін құрғанымызды білесіздер. Өте дұрыс шешім болды. Неге дейсіздер ғой? Біз ІІМ-де отырамыз, сондықтан полиция бекетін қоятын жерді, камераларды қайда орнату керек екенін қайдан білеміз? Сондықтан да барлығын жергілікті өзін-өзі басқару органына тапсырдық. Яғни, қала билігі қай жерлерге, қандай, қанша камералар қою керектігін, патрульдік полиция қызметін қоятын жерлерді анықтауы керек болған. Мұның барлығы ұйымдастырылуы керек еді», — деді министр Қазақстан мен Ресейдің Ішкі істер министрліктерінің біріккен алқа отырысының нәтижесі бойынша өткен брифингте.
Министр дәл қазір ведомство Алматының Ішкі істер департаментінің қызметін бақылап отырғанын айтты.
«Біз соңғы 4-5жыл бойы реформалар жүргізіп келеміз. Жан-жақты полицейді дайындау үшін жұмыстар жасаудамыз. Бұл бағытта патрульдік және жол полициясын біріктірдік. Не үшін? Жолда полицейлер аз болу үшін, дәл осы полицейлерді тұрғын үй алаптарына көшіру үшін. Жергілікті полиция дәл осы мәселемен айналысуы тиіс еді. Бұл ары қарай да жетілуді талап ететін бағыттардың бірі», — деді министр.
Сондай-ақ, Қ. Қасымов мамыр айында Қауіпсіздік кеңесінің өткенін атап айтты. Жиын барысында Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін, сонымен қатар, Ішкі істер министрлігін реформалауға қатысты тапсырма берген.
«Сіздерге Президент Әкімшілігінде реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеп жатқан үш топ құрылғанын айтқым келеді. Олардың бірі Ішкі істер министрлігіне қатысы. Онда оңтайландыру, қысқарту, заңнамадағы өзгерістерге қатысты мәселелер қарастырылады. 1 қыркүйекте Елбасына барлық ұсыныстар туралы баяндап беруіміз керек. Ол жерге Алматының қоғамдық кеңесі жіберген ұсыныстар қарастырылатын болады», — деп түйіндеді министр.