Мемлекеттік бағдарламалардан жастар қаншалықты хабардар?

Жасыратыны жоқ, бүгінде мемлекет тарапынан жастар саясатын жүргізуге барлық жағдай жасалған. Жастар саясаты мәселелері басқармасынан бастап, шалғай ауылдық мекендердің өзінде жастар ісі жөніндегі нұсқаушылардың жұмысы жолға қойылып отыр. Мұндағы мақсат — мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардан жастарды толыққанды хабардар ету. Десе де, осы үгіт-насихат жұмыстарына келгенде кенжелеп тұрған тұстарымыз аз емес. Себебі, алыстағы ауылды айтпағанда, Тараз қаласы жастарының өзі мемлекеттік бағдарламалардан бейхабар. Міне, «ARAI» жастар газетінің осы жолғы «DODA» ой-пікір алаңында аталмыш мәселе көтеріліп, түйткілдің түйінін тарқату жолдары жан-жақты
талқыланды.

Дәулет Төлендіұлы, облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы:
– Құрметті қонақтар! «ARAI» жастар газетінің «DODA» ой-пікір алаңына қош келдіңіздер!
Бүгін біз қаузағалы отырған тақырып ел ертеңі саналған жастардың келешегімен тікелей байланысты. Себебі, ертеңімізден баянды болашақ күтсек, бүгінгі жолымызды айқындап алғанымыз абзал. Алайда, жастар саясатына Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатса да, әлі күнге мемлекеттік бағдар­ла­малардың мазмұны түгілі, атауын естімеген жастарымыз бар екені ащы да болса шындық. Сонда бұл бағыттағы жұмыстардың кенжелеуіне не себеп? Үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізуге қандай факторлар кедергі болуда? Бұған мамандар кінәлі ме, әлде басқа да себептері бар ма? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрсек. Ең алдымен өңірдегі жастар мәселесіне тікелей жауапты басқарма маманын тыңдасақ.
Фархад Әбдірәлиев, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:
– Облыстық «ARAI» жастар газетінің бүгінгі көтеріп отырған тақырыбы шынында да өзекті. Бұл тұрғыда басқарма тарапынан биыл жастарды ақпараттандыру бағытына баса көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе, шалғай ауылдық жердегі жастарды көптеп қамтуға тырысудамыз. Оған дәлел, жыл басында ақпараттық автокеруен елді мекендерге шығып, 20-ға жуық сала мамандары әртүрлі тақырыпта бірнеше мың жасқа кеңес берді. Алайда, бізге көкейлеріндегі мәселелерін көтеріп, ұсыныстарын айтып келгендердің дені ұйымдасқан жастар ғана болды. Яғни, белгілі бір мекендегі белсенді жастар ғана жобамызға қызығушылық танытты. Қалған ауылдағы жастар жиналыс, басқосу дегеннен қашады. Оларға мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар қызық емес. Сол себепті, автокеруен барысында қамтыған контингентіміз шектеулі ғана болды. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпай, қолдан келгенше жастарға бағыт-бағдар беріп жатырмыз.
Дәулет Төлендіұлы:
– Жалпы, жауыр болған жиындардан жастар­дың шаршағаны жасырын емес қой. Ақпараттық автокеруеннің де жұмысы жылда бір үлгіде, бір сарында өтеді. Бұл формат жастарды қызықтырады деп айту қиын. Сол себепті, басқосуларыңызға барғысы келмейді-ау. Бәлкім, қатып қалған осы стереотипті бұзатын кез келген шығар?
Фархат Әбдірәлиев:
– Әрине, бұған қазір біздің де көзіміз жетіп жатыр. Сондықтан, жастарға арнал­ған жобалардың форматын өзгертуді ойлап отырмыз. Ол бағытта қолға алынып жатқан жұмыстар баршылық. Алдағы уақытта өз жемісін береді деп сенеміз.
Дәулет Төлендіұлы:
– Осы орайда, назарды жастармен, әсіресе арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен тікелей жұмыс жасап отырған білім басқармасына бұрғым келеді. Талғат Салқанұлы айтыңызшы, сіздердің тараптарыңыздан мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, түсіндіруде қандай жұмыстар жасалып жатыр?
Талғат Жамалов, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары :
– Көтеріліп отырған мәселенің маңызы зор деп білемін. Дегенмен, білім басқармасы белгіленген талаптар шеңберінде үйлестіруші ретінде өз жұмысын жүргізіп жатыр. Бірақ, бұған аудан, ауыл әкімдерінен бастап, жастармен тығыз қарым-қатынаста жүрген мекемелер жұмыла атсалысуы қажет. Сонда ғана нәтижесі көрінеді. Және бізге мемлекеттік бағдарламаларды қажеттілігіне қарай зерделеу керек. Мәселен, бір ұжымнан үш қызметкер зейнет жасына келіп отырса, ол туралы ақпаратты алдын ала алдырып, сол орынға жас маманды жолдау үшін мемлекеттік бағдарламаны жан-жақты түсіндіру керек. Сол сияқты кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, тағы да басқа көптеген салаларға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар бойынша сұранысқа қарай жастарға мағлұмат беру қажет. Жаппай барлық бағдарламаны бір адамға айтатын болсақ, ол өз таңдауын жасай алмай қалуы мүмкін. Сол себепті, мемлекеттік бағдарламаны сұранысқа қарай өз контингентіне насихаттаған жөн. Одан кейін үгіт-насихат деген осы екен деп, жастарға сағаттап жиналыс өткізу керек емес. Бізге қысқа форматтағы басқосуларға көшкен тиімдірек. Және лектор ретінде жастарды өзіне ұйытып тыңдата алатын адамдарды таңдаған абзал. Қазір жастар саясатында осы жағы ақсап тұр. Сол себепті, ең алдымен бағдарламаны жіліктеп жастарға жеткізе алатын мамандарды дұрыстап сайлап алғанымыз жөн болады.
Дәулет Төлендіұлы:
– Биыл жастарға қатысты жанданған жобаның бірі – «Zhas Project». Жалпы, жастарды жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікке үгіттеуге бағытталған бұл бастаманың тиімділігін бастапқыда ешкім түсінбеді. Тіпті, кейбір жастар ресурстық орталықтары бұл іске жүрдім-бардым қарады. Дегенмен, аталмыш жоба облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңесте кең талқыланды. Осы кеңестен кейін жобаны жастар орталықтары жан-жақты жарнамалай бастады. Алайда, жобаларды қабылдау мерзімі таяп қалғандықтан, бұл жұмыстар тағы атүсті атқарылды. Бұған сонда кімді кінәлаймыз?
Абзал Есіркепов, «Zhas Project»» жобасының облыстағы оқыту менеджері:
– Біздің тарапымыздан ақпараттандыру жұмыстары барынша жүргізілді. Алайда, көптеген ауыл жастары жобаны бастапқыда түсінбей қаңқу сөздерге сеніп, мүмкіндіктен қағылғаны рас. Десе де, үміткерлерден 554 жоба түсіп, оның 222-сі қазір мақұлданып отыр. Біз бұған 50 кеңесшімізбен күн-түн демей жұмыс жасап, тұрғындарды үйме-үй аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қол жеткіздік. Нәтижесінде, 222 жобаға 219 миллион 239 мың 456 теңге берілді. Осы қаржыдан енді жеңімпаздар 1 000 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін аша алады. Оның 50 пайызы қазір берілсе, қалғаны жоба толықтай жүзеге асқанда төленеді. Жеңімпаздардан талап етілетіні, ашқан кәсіпорны алты ай осал топтағы азаматтарға тегін қызмет көрсетуі керек. Ол үшін оларға егер қолында дипломы болса – 60 мың, еш жерде оқымаған жағдайда – 40 мың теңге шәкіртақы төленеді. Байқасаңыздар, Үкімет жоба жеңімпаздарына барынша қолдау білдіріп отыр. Міне, осындай мүмкіндікті көп жастарымыз мүлт жіберіп алды. Оған негізгі себептердің бірі үгіт-насихат жұмыстарының құзырлы мекемелер тараптарынан кеш қолға алынғаны болса, екіншісі жастардың өздерінің немқұрайдылығы. Мәселен, біз аудандарда жүргенімізде кейбір жастардың қарапайым құжаттарды жинау үшін халыққа қызмет көрсету орталығына баруға ерінетіндігін көрдік. Сондай-ақ, «грант жеңіп алу үшін таныс керек» деген сияқты әңгіме таратып, өз-өздерімен күйіп-пісіп жүрген жастарды да кезіктірдік. Ондай азаматтарға қанша жерден түсіндіргенімізбен, бәрібір ойларын өзгерте алмадық. Осы сынды мәселелер ауылдық жерлерде алдымыздан көптеп шығып, жұмысымызға айтарлықтай кедергілер келтірді.
Нұрсұлтан Манатбеков, Талас аудан­дық жастар ресурстық орталы­ғы­ның директоры:
– Абзал Есіркеповтың сөзіне толықтай қосыламын. Шындығында, бастапқыда жастар бұл жобаны мүлде түсінбеді. Тіпті, «Баламның атынан бұлар кредит алғалы жүр» деп даурыққан ата-аналар да болды. Алайда, жобаның тиімділігі жан-жақты насихатталғаннан кейін жастар жаппай орталыққа ағылды. Бірақ, ол кезде өтініштерді қабылдау мерзімі таяп қалған болатын. Біздің аудан бойынша бар-жоғы 4-ақ жоба болғандықтан, өзіміз жүгіріп жүріп, әйтеуір комиссия қарауына қосымша жобалар жібердік.
Негізі, менің Талас жастар ресурстық орталығының директоры қызметіне келгеніме 3-ақ ай болды. Барлық кемшілік бастапқыда үгіт-насихат жұмыстары дұрыс жүргізілмегенінде болып тұр. Оған қоса, ауыл әкімдері бұл бастамаға үн қосуға құлық танытпады. Содан барып, жастар мемлекет тарапынан берілген тамаша мүмкіндікке қол жеткізе алмай қалды.
Жалпы, осындай басқосулар мен жиындарды жиі өткізіп тұру қажет. Қазір ауданға барып мемлекеттік бағдарламалардың бүге-шігесіне дейін түсіндіріп беретін әр саланың мамандарымен жастардың кездесулерін ұйымдастыру туралы ой келіп отыр. Біз осылайша мемлекеттік бағдарламаларды алдын ала түсіндірмесек, қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалатынымызға көзім жетті.
Дәулет Төлендіұлы:
– Байқасаңыздар, барлық мәселе түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуіне келіп тіреліп отыр. Мәселен, аудандарға бара қалсаң, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жарнамасы ілінген билбордтардың некен-саяқ екеніне көзің анық жетеді. Оның орнына коммерциялық пайданы көздеген жарнамалар қаптап тұрады. Неге осы мәселені көтеріп, ауыл әкімдеріне ұсыныспен шықпасқа?
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңда әлеуметтік желіге бас сұқпайтын жастар кемде-кем. Мәселен, Талас ауданында 13 ауылдық округ бар десек, соның әрқайсысына «уатсап», «фейсбук» сынды әлеуметтік желілерден неге бір парақшадан немесе арнайы топ ашып қойып, мемлекеттік бағдарламаларды жастар орталығының мамандары қарапайым тілмен түсіндір­меске? Мұндай қадам арқылы біз әрбір жасты қамти алар едік. Және болжамды статистикаға сүйенбей, әр ауылда қанша жас тұрып жатқанын, оның қаншасы жұмыссыз, қаншауы өзін-өзі жұмыспен қамтыған деген сынды нақты ақпаратқа да қол жеткізу мүмкіндігі туар еді. Қарапайым мысал, Тараз қаласындағы Шөлдала ықшамауданында қанша жас бар екені әлі күнге анықталмаған. Бұған не дейсіздер?
Эльмира Әкпар, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының инспекторы:
– Біздің орталық Шөлдала ықшамауданындағы жастардың мәселесінен толықтай хабардар. Биыл аталмыш аймақтағы жастарды біріктіру үшін клуб ашсақ деп отырмыз. Сондай-ақ, шағын спорт алаңшасын салу, кеңес беретін орталық құру сынды ұсыныстарымызды Тараз қаласы әкімдігіне жолдап, келер жылдың бюджетіне енгізілгені туралы ақпарат алдық. Осылайша, алдағы уақытта аталмыш аумақтағы жастармен жұмысты жүйелемекпіз.
Негізі, жастар орталығы тарапынан Шөлдалада орналасқан №55 мектепте көптеген жиындар өткізіліп, жастарға мемлекеттік бағдарламалар барынша түсіндірілуде. Енді осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, басқосуларымызды жаңаша форматта өткізсек деген жоспарымыз бар.
Нұрлыбек Құрманов, Шөлдала ықшамауданының тұрғыны:
– Шөлдаланың Тараз қаласының аумағына енгеніне 5 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде жастар орталығы мамандарын бірде-бір мәрте көрген емеспіз. Мұндағы жастар мемлекеттік бағдарламалар былай тұрсын, Тараз қалалық жастар орталығы барын да білмейді. Оған қоса, ауылдық округке жауапты қала әкімдігінің инспекторы да жастармен жұмыс жасамайды. Нәтижесінде қылмыс өршіп, жұмыссыз жастардың саны күн санап артып келеді. Осы мәселені қолға алып, Шөлдала ықшамауданындағы жастардың есебін жүргізіп, елеп-ескеретін бірде-бір жанның табылмай отырғаны іш қынжылтады.
Мұқағали Оралбаев, Шөлдала ықшамауданының тұрғыны:
–Шындығын айтайын, жуырда ауылға облыстық «ARAI» жастар газетінің тілшісі Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатовпен бірге келгенде барып, «Zhas Project» жобасының, «Жастар ресурстық орталығы» деген сынды мекеменің барын бірінші мәрте естідік. Осы таңға дейін ешкім бізге көңіл бөліп, «Барсыңдар ма?» деп іздеу салған емес. Бүгінгі басқосудың арқасында жастарға арналған мемлекет­тік бағдарламалардың тиімділігі туралы көп нәрсені естіп, өзіме мол мағлұмат алып отырмын. Әттең, осындай жиындар ауылда ұйымдастырылып, бізге кеңес берілсе, көптеген мүмкіндіктерден құр қалмас едік.
Арнат Ұлтанбаев, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі:
– Негізі, көп нәрсе жастардың тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Мәселен, кейбір студенттеріміздің ата-аналары дастархан басында отырып, Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтындығын айтып, билікті сынап жатады. Соны естіген баланың санасында мемлекет туралы керағар пікір қалыптасады. Дәл сондай, егер бір дәрігер парамен ұсталса, жастар бүкіл медицина саласын сыбайлас жемқорлық дендеп кеткен деп ойлайды. Осыдан барып, әлгіндей «мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізу үшін ақша беру керек» деген сынды әңгімелер айтылады. Біз жастар бойындағы осы стереотипті бұзуымыз керек.
Тағы бір назар аударатын мәселе, жоғары немесе арнаулы орта оқу орнында білім алып жатқан студенттердің талғам мен қабілетіне біз мән бере бермейміз. Мәселен, бір студент көлікті өте жақсы көруі мүмкін. Ал, одан біз қинап заңгер жасап жатырмыз. Егер ата-ана о баста баласын техникамен байланысты мамандыққа түсіргенде, ол жастан өз саласын сүйіп істейтін білікті маман шығар еді. Біздің басты кемшілігіміз – осы. Жастарды қабілетіне қарай мамандыққа оқытпаймыз. ТарМУ-дан қазір шағын сырласу орындарын ашсақ деп отырмыз. Бұл жерде біз студенттермен тілдесу арқылы олардың талғамдарын саралайтын боламыз. Және тиісінше келешегіне қатысты кеңестер береміз. Міне, осы жобамыз толықтай жүзеге асса, жоғарыда өзіңіз айтқан бірқатар кемшіліктердің орнын толтырамыз.
Талғат Жамалов:
– Бұл жерде ерекше айтып өтер бір нәрсе бар. Біз Үкіметке әбден сеніп алғанбыз. ТарМУ ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісінің айтып отырған билікті жамандау, кінәлау дегеннің бәрі осы жерден шығады. Бізге мемлекет бәрін жасап беруге тиіс сияқты. Мына Батыс елдеріне барсаңыз, олар Үкімет дегенді білмейді. Олар өз-өздеріне сенеді. Бала кездерінен солай тәрбиеленіп, өзінің жанына жақын саланы жіті меңгеруге машықтанады. Соңында өз кәсібін ашып, мемлекетке қол жаймай, өзімен-өзі өмір сүріп кетеді. Ал, біз қазірдің өзінде кінәні өзімізден емес өзгеден іздеп, біреуге барлық жауапкершілікті артып қойғымыз келіп отыр. Бізге ең бірінші осы нәрседен арылу керек.
Дәулет Төлендіұлы:
– Сөзіңіздің жаны бар. Көршілес Қытай мемлекетінде жастарға мемлекет тарапынан бір қолдау жасала қалса, олар оны өміріндегі соңғы мүмкіндіктей қабылдап, сол жеңілдікке қол жеткізу үшін жанталасады екен. Ал, біздегі жастарға барлық жағдай жасалған. Жастар басқармасынан бөлек, облыстық кәсіпкерлер палатасы да жас кәсіпкерлерге арналған жобаларын жылда жандандыруда. Неге осы жобалардың жемісін толыққанды көре алмай отырмыз?
Ақбота Батырбекова, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз жетекшісі:
– Жалпы, облыстық кәсіпкерлер палатасы 17 мен 63 жас аралығындағы кез келген азаматқа көмек көрсетуге дайын. Былтыр біздің бастамамызбен «Бастау бизнес» жобасы жанданды. Бұл жоба арқылы 1 100 адам арнайы курстық оқудан өтіп, оның 263-і өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Олардың дені 17-29 жас аралығындағы жастар. Осы сынды әрбір жастың өз бизнесін ашуға барлық қолдау жасалған. Бірақ, оны көбісі пайдалануға құлық танытпайды.
Кәсіпкерлер палатасына өндіріс орындарынан маман сұрап келетіндер өте көп. Бірақ, жастар ондай жұмысқа барғысы келмейді. Біздегі қатып қалған түсінік, 40 мың теңге алсаң да, әкімшілікте галстук тағып отыру. Неге жастарымыз «Бастау бизнес» сынды жобалардың шарапатын көруге ұмтылмайды. Біріншіден, олар бір ай тегін оқу курсынан өтетін болса, екіншіден, біз өтініш берушілердің бизнес жоспарын жасауға барынша көмектесеміз. Соңында несиесін алып, өз кәсібі бойынша ешкімге тәуелді болмай жұмыс жасайды. Мен жастарды осындай мемлекеттік бағдарламалардан шет қалмауға шақырамын.
Дәулет Төлендіұлы:
– Иә, жастардың әлі толыққанды түсініп, білмей жатқан жобасының бірі – осы «Бастау бизнес». Сондықтан біз бүгін ой-пікір алаңына «Бастау бизнес» жобасына қатысушы жасты да шақырдық.
Нұрбахыт Ахытов, «Бастау бизнес» жоба­сына қатысушы:
– Бұл жоба жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп білемін. Мен өз кәсібімді ашпас бұрын, облыстық кәсіпкерлер палатасына тіркеліп, арнайы оқу курсынан өттім. Онда білікті мамандар бизнесті бастаудың әліппесінен бастап үйретті. Одан кейін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалына құжаттарымды жинап өткіздім. Егер кәсіп ашуға шын ниетің болса, ол құжаттарды жинау түк те тұрмайды. Соңынан 4 миллион теңгеге несие рәсімдеп, қазір 10 құлынды бие асырап отырмын. Енді осы кәсібімді кеңейтіп, өзге өңірлерден де шаруашылық ашу туралы жоспарым бар. Ол үшін қазір кәсіпкерлік палатасының мамандарынан қосымша кеңес алудамын.
Жалпы, «Бастау бизнес» жобасы арқылы өз кәсібіңді ашу қиын емес, тек ынта мен ниет керек.
Дәулет Төлендіұлы:
– Міне, бүгінгі біздің «DODA» ой-пікір алаңының көздеген негізгі мақсаты да осы болатын. Ең болмаса бір жастың ойын өзгертіп, Нұрбахыт сынды жас кәсіпкерді оларға үлгі етіп көрсету. Осы мақсатымызға бүгін жете алдық па, жоқ па, оны жастардың өзі саралай жатар.
Мейіржан Мұстапаев, Шөлдала ықшамау­да­нының тұрғыны:
– Қазір ТарМУ-да дене шынықтыру мамандығы бойынша оқып жатырмын. Шыны керек, дипломымды қолыма алғаннан кейін жұмыс табыла ма, жоқ па деген ой жиі мазалайды. Егер өз мамандығым бойынша жұмыс табылмаса, құрылысқа кетемін деп ойлап жүргенмін. Шөлдаладағы жұмыссыз жастардың дені осы құрылыста жүр ғой. Бізге одан басқа таңдау да жоқ. Бірақ, бүгінгі басқосудан кейін өз өмірімді өзгертуге мол мүмкіндік барына көзім жетті. Енді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығымен байланыс орнатып, мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұматтар алып, ойда жүрген «болмайды» қағидасынан арылуға уәде берем. Бүгінгі жиындағы ақыл-кеңестеріңіз үшін барлықтарыңызға көп рақмет.

Міне, бір ғана басқосу арқылы біз шөлдалалық екі-үш жастың мемлекеттік бағдарламалар туралы ойы мен танымын өзгерте алдық деп ойлаймыз. Демек, бар мәселе жастарды дұрыс ақпараттандыруда. Егер жауапты мамандар жауыр болған жиындарға емес, жаңа форматтағы басқосуларға көңіл бөліп, жүйелі жұмыс жасаса жастар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын барынша сезінер еді.

Comments (0)
Add Comment