Мәсімов ҰҚКД ғимараттарын босатуға бұйрық берген — Бас прокуратура

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов 2022 жылдың 5 қаңтарында ҰҚК департаменттерінің ғимараттарын босатуға бұйрық бергенін айтты.

Ол тәртіпсіздіктер шыңында Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің барлық жеке құрамы өз ғимараттарын тастап кеткенін атап өтті.

«Тергеу мәліметтері бойынша, 5 қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары Әнуар Садықұловтың жеке құрамның ғимаратты тастап кетуге дайындығы туралы жазбаша нұсқауы келіп түсті. Кәрім Мәсімовтің нұсқауы бойынша Алматы және Қызылорда облысының ҰҚКД ғимараттары бос қалды. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттары да босатылды. Ашығын айтсақ, бұл басшылар әлсіздік танытты. Нәтижесінде тәртіпсіздіктердің жолын кесу бойынша уақытылы шаралар қабылданған жоқ», деді Бас прокурор Берік Асылов.

Оның айтуынша, Алматы мен Талдықорған екі тәулік бойы қарулы қылмыскерлердің билігінде болды. Олардың қолында тұтас арсенал — 3 мыңға жуық автомат, тапанша, мергендік мылтық және ондаған мың оқ-дәрі болды. Қазіргі уақытта 2 мыңға жуық қарудың орналасқан жері әлі де белгісіз.

«Арнайы прокурорлардың билікті асыра пайдалану фактілері бойынша тергеу аяқталды. ҰҚК үш өңірлік департаментінің, Алматы облысы полиция департаментінің және басқа да адамдардың бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істер соттарға жолданды. Олардың кінәлілік дәрежесі мен жазалау шарасын сот анықтайды», деп қорытындылады Б. Асылов.

egemen.kz

Comments (0)
Add Comment