Мақпалдың мекеніне мейман болды

Жуырда ғана Тұңғыш  Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудандық мәдениет үйінде «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы,  ақын, Қазақстан  Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі,  ҚР Тұңғыш Президенті қоры «Алтын тобылғы» әдеби байқауының бас жүлдегері Мақпал Мысамен кездесу өтті.

Әдеби кештің модераторы Медет  Атайбеков залға иін тіресе жиналған поэзиясүйер қауымға, әсіресе мектеп қабырғасындағы оқушыларға кештің қонағын таныстырып болғаннан кейін, еркін форматтағы кездесуде сұрақ-жауап алмаса отыруларын айтып өтті.

Сезім иірімдерін дөп басып, жүрекке жеткізе жырлайтын жауһар жырларын әуезді ырғақпен тебірене оқыған  Мақпал Мыса оқырманды қиял жетегіне бір сапарлатып қайтты. Таласа сұрақ қойған кішкене бүлдіршіндер ақын қыздың маржан жырларымен қоса құдіретті поэзияның ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев пен сыршыл да шыншыл поэзиясымен жүректерге жол тапқан Фариза Оңғарсынованың  шығармашылығынан шашу шашты. Сондай-ақ, Мақпал қыздың ерте келген өнердегі тілеулес сіңілілері сандауғаштай сызыла салған әндері тыңдарман құлағының құрышын қандырды.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп хакім Абай айтқандай, қазақ пен өлең егіз ұғым. Өлеңдерінде сезім мен сыр тоғысқан Мақпалдай жаны нәзік ару поэзиясының тұнығына қанығып, тәнті болғандардың қатарында өнерді құрметтеген халықтың өкілі, ауданның  сыралғы азаматы, суретші-мүсінші Қали Қораласбаев та болды. Сахна төріне шығып, ақын қыздың жырларының ішіндегі жүрегіне жақын болған бір өлеңін мүдірместен оқып берген қонақжай Қали ағамыз құр алақан келмей, өзінің туындысынан кәде сый ұсынды. Сый құрмет пен ыстық ықыласқа бөленген мейман қыз көрісер күннің жақын болғанын тілеп, өңір жұртшылығымен қимай қоштасты.

Айғаным АСҚАРБЕК.

Comments (0)
Add Comment