Қызым, саған айтамын…

Қазақ әу бастан «Қыз бұзылса ұлт бұзылады» деп, қызды қырық үйден тиып, тәлім-тәрбиенің  табалдырығынан аттаған сәтте-ақ көзінің қырын, сөзінің әу дерін қаракөздерге бағыттаған. Бағзы заманнан қазақ қызының бейнесі қалыптасып, тал бойынан тазалық пен тектіліктің табы  есіп тұрған тұлымдыға елдің айнасысың деп айтудан жалыққан емес, біздің  қазақ. Ұлттың ұйытқысы саналатын қыздарымыз қашанда қоғам назарынан тыс қалмайды.

Осы орайда аудандық мәдениет үйінде «Асыл арна» телеарнасының қоғаммен байланыс департаментінің директоры  Жанәділ Райымбеков, «Асқақ рух, еркін ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Қалиев, Балуан Шолақ ауылының қажы апасы, еңбек ардагері Шымшық Мадалиева, аудандық жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының аға  инспекторы Айсұлу Мұсабектің қатысуымен «Тәрбие тал бесіктен басталады» атты тәрбиелік маңызы бар жиын өтті.

Тілге тиек болар әңгіменің төресі-қыз балалардың тәрбиесі хақында «тыңдар құлақ болса, айтарым бар» деп келген қонақтарымыз қыз санасына ой салар, оң бағытқа жетелер ой тамызығын маздатты. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ қыз балаға білім мен тәрбиені тел емдіру керектігін қадап айтқан ұлттың болашағын ойлайтын жанашыр азаматтар ар-ұят мәселелерін жан-жақты саралап, сары ауыз балапандардың санасына сәуле ұялатты.

Қыздың ары сөз болған, салмақты ойларды қаузаған келелі кеште «Қазақ қызының бейнесі», «Қызды қырық үйден тыю», «Қыз бұзылса, ұлт бұзылады»  тақырыптарында баяндамалар тыңдалып, жақсылыққа апармайтын жаға ұстатар жәйттердің бірсыпырасын бойжеткен қыздардың назарына ұсынған  бірнеше бейнероликтер экраннан көрсетілді. Бүгінде еліктеудің ақыры азғындыққа жол ашуда. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желіні аша қалсаң жалаңаштанған қыздарды, есірген ұлдарды көріп, жаңалықтарға құлақ түре қалсаң құрсағына біткен баласын жарық дүниеге әкеле салып ананың аялы алақанын сездірмей, қоқысқа тастап жатқан көкек аналарды естігенде бір тоқтамның болу керектігін сөзсіз ұғынасың. Ұлттың болашағы мен  ұятын жалғайтын аруларымызға бүгін тура жолды сілтемесек, ертеңгі күні бармақ тістеп, аһ ұрып қалу қаупі басым.

Айғаным АСҚАРБЕК

Comments (0)
Add Comment