Қызметтердің 22 пайызын алу үшін мемлекеттік органға баруға тура келеді — Бектенов

Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов елімізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа толық көшіру керектігін айтты.

«Президент өз Жолдауында келесі жылы электрондық мемлекеттік қызметтер үлесін 80 пайызға, 2019 жылы 90 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Яғни, бұны 100 пайыздық автоматтандыру деуге болады. Біз осыған жеткен кезде, бизнесте де, халықта да қандай да бір қызмет алған кезде проблема азаяды. Біз осыған ұмтылуымыз керек. Қазір Үкімет те «Цифрлық Қазақстан» аясында жұмыс атқарып жатыр», — деді Бектенов берген сұхбатында.

Маманның айтуынша, елімізде жыл сайын 150 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

«Бұл түрлі қызметтер. Балабақшаға кезекке тұрғызудан бастап, жер алу мен дәрігерге жазылу жəне тағы басқаға дейін. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 55 пайызы электрондық форматта көрсетіледі. Ал 23 пайызы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы, яғни ХҚКО арқылы көрсетіледі. Ал қалған 22 пайыз қызметті алу үшін мемлекеттік органға тікелей бару керек. Яғни, бізге осы 22 пайызды жылдамырақ жою қажет. Сонда мемлекеттік қызметтер 100 пайыз автоматтандырылып, проблемалар азаяды», — деді Олжас Бектенов.

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен жиында бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау мəселесі талқыланды.

Baq.kz

Comments (0)
Add Comment