Қостанайда Қызыл кітапқа енген құсты атқандар ұсталды

Қостанай облыстық полиция департаменті табиғатты қорғау органдары қызметкерлерімен бірігіп, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Іс-шара барысында экологиялық қылмыс пен құқықбұзушылықтарды анықтауға, оның жолын кесуге бағытталған 56 ұтқыр топ құрылып, өңірді аралады. Үш күн ішінде облыстағы 553 аңшы мен балықшы тексерілді.

«Қамысты ауданының Свободное ауылынан 20 шақырым жерде 3 күдікті ұсталды. Олар Халықаралық табиғатты қорғау одағы мен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген шиқылдақ қазды атқан. Күдіктілердің барлығы Тобыл ауылының тұрғындары екені анықталды. Олардан заңсыз айналымда жүрген 2 қару тәркіленді», — делінген хабарламада.

Шиқылдақ қазды атқандар мемлекетке 721 мың теңге залал келтірді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 337-бабы, 4-тармағы бойынша (Заңсыз аң аулау) сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы шиқылдақ қазды «Жыл құсы-2013» деп жариялады.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment