Жамбыл облысы әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен ішкі істер департаментінде Қордай ауданында орын алған қарақшылық оқиғаға байланысты БАҚ өкілдерімен брифинг өтті. Брифингте департамент басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиев баяндама жасап, күдіктілердің қолға түскендігін жеткізді.
Оның айтуынша, ауқымды жедел-іздестіру іс-шараларынан кейін, полиция қызметкерлерімен қылмысқа қатысты үш азамат анықталып, ұсталынған. Олардың екеуі бұрын сотты болған Қордай ауданының тұрғыны болса, біреуі Алматы қаласының азаматы. Соңғы жарты жылда барлық күдіктілер Алматы қаласында тұрғандығы белгілі болған.
Күдіктілер «Хонда City» маркалы автокөлікпен жүрген. Ұсталғандардан заттық дәлелдемелер (қобдиша, жапа шеккендердің банкомат карточкалары, мобильдік байланысты төлеу карточкалары) табылған. Олар өз қылмыстарын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алыныпты.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 20-шілдесінде шамамен кешкі сағат 21.15-21.30 шамаларында Қордай ауылы Қордай көшесінің тұрғыны 1950 жылы туылған В.И.Бойконың үйіне бет перде киген екі белгісіз азамат басып кіріп, үй иесі мен әйелі Л.И.Милидиді ұрып-соғып, байлап, 100 мың теңге, 500 евро және екі «Халық банкінің» үй иелеріне тиесілі карточкаларын қолды еткен. Алған ауыр жарақатының салдарынан В. Бойко тамыз айының 4 күні Бішкек қаласындағы «Меди ЛТД» жеке клиникасында көз жұмды.
Сонымен қатар қылмыс орын алған түні шамамен сағат 03:30 бет перде киген екі азамат Уалиханов көшесінің тұрғыны Н.Н.Ничипуренконың пластикалық терезесін бұзып, ішке енген. Қылмыскерлер үй иесінің 100 мың теңгесін, алтын бұйымдары мен «Халық банкі» карточкасын алып кеткен.