Кезінде Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда және мәдениет орталығының бірі болған көне Тараз сан ғасырлық шежіре мен қатпар-қатпар тарихты қойнауына сыр қылып бүккен Жамбыл жерінің жұлдызды жауһары. Оның кезінде тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемі үшін қасиетті мекен болғанын шетелдік ғалымдар мен тарихшылар да қуаттап жүр. Бұған Тараз қаласының бір кездері Түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ және Қараханид секілді әйгілі һәм айбынды мемлекеттердің орталығы болғандығы сеп болса керек.
Десе де жасыратыны жоқ, Тараз қаласының тереңнен тамыр тартқан тарихын танытуға келгенде тосылып қалатын едік. Енді міне, Әулиеата өңірі оның ішінде Тараз қаласында сан түрлі сәулеті келіскен ғимараттар бой түзеп, көптеген саябақтар жаңғырып, қаламыздың шырайлы келбетіне соны рең берілді. Ендігі жерде облыс орталығына табан тіреген туристер әдеттегідей Қарахан баба, Айша бибі, Тектұрмас кесенесі секілді тарихи-мәдени орындарды аралап қана қоймай, олардың түркі халықтарына тән ортақ тарих, ортақ мәдениетпен, шығыстық үлгідегі сәулет өнерінің баға жетпес құндылықтарымен, орта ғасырлық тарихи-мәдени жәдігерлермен кеңінен танысып, мол мағлұмат алуларына үлкен мүмкіндік туып тұр. Бұған облысымыздың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені арқау болып отырғанын баса айтуымыз керек.
Жұртшылықтың «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне «осы заманғы қала ішіндегі көне шаһар іспетті» деп баға беруіне аталған кешеннен облыстық тарихи-өлкетану музейі, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы, «Қолөнер және туризм» орталығы, көркемсурет галереясы, «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Сағат» стелласы секілді өзге де шығыстық және заманауи үлгідегі тарихи мәдени нысандардың бой көтеруі себеп болғаны анық. Аталған кешеннен Көркемсурет галереясы үшін өз алдына бөлек екі қабатты нысанның ел игіліне ұсынылуы өнер жолындағы жергілікті қылқалам шеберлерінің таңдай қақтырарлық туындыларын жұртшылыққа насихаттау мен ұлттық өнерімізді дамытудың һәм ұлықтаудың күні облыста енді туғанын айғақтайды.
Көркемсурет галереясы орналасқан ғимарат «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі басты нысандардың бірі саналады. Жаңа ғимараттың жалпы аумағы 3075 шаршы метрді құрайды. Нысанның бірінші қабатының 600 шаршы метрі үлкен көрме залына арналған. Онда Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі саналатын 39 кескіндемеші-суретшінің 117 туындысы орын тепкен. Мәселен ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязовтың «Бозторғай», «Әмір-Темір», Болат Құсайынның «Сақ әміршісі», Сейдрахман Азизовтің «Талас шайқасы» (Атлах шайқасы), Асан Шаржановтың «Түркістан тойы», Оразхан Дастанның «Тараз қақпасы», «Ағаштар тасасында» атты еңбектері тарихтан сыр шертеді. Мұндағы кенеп бетін көмкерген бояу ата-бабаларымыздың өткен өмірін, осы заманның тынысын тап басып тұр. Біз аталған нысанға арнайы барғанымызда, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Балнұр Райқұлова қарсы алып, көркемсурет галереясына бас сұққан өзге де тұрғындарға жол сілтеп, туынды авторларымен, сурет сырымен, галереяда қолға алынған жұмыс барысымен таныстырып шықты. Ол қазақ және шетелдік суретшілердің туындылары орналасқан галереяда келешекте белгілі суретшілердің жеке көрмелері, шығармашылық және балалар көрмелері секілді іс-шаралар өткізу жоспарланып отырғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, осы қабаттағы кіші зал әлем суретшілерінің каталогына енген Леонид Брюммердің қыл қаламынан шыққан туындыларға арналыпты.
– Брюммердің ұлты неміс болғанымен, жаны қазаққа жақын. Ол Украинаның Херсон қаласында туып, сурет салумен бала кезінен айналысқан. Оның өзгелерден артықшылығы жасынан атақты суретшілердің еңбегін көшірмей, бірден тыңнан түрен салып, жаңа суреттерді шеберлікпен бейнелей алуында жатыр. Ол біздің елге 1941 жылы КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі немістермен бірге жер аударылып келді. Ал сол кездегі Жамбыл қаласына 1955 жылы қоныс аударды. Оның әйгілі «Қарахан кесенесі», «Жамбыл алаңы», «Ерте көктем» атты еңбектері осы қалада салынған. Өмірі қиын-қыстау, жоқшылықпен өткеніне қарамастан, өнер иесі суреттерін сатып, баюды ойламады. Салған туындыларын кеңпейіл, өзіне құшағын ашқан қазақ халқына шашпай-төкпей қалдыруға ұмтылды. Талантына бас иіп, әлем мойындаған ұлы суретшіні қазақ халқы суреттерін ақысыз сыйға тартқаны үшін айрықша құрметтейді. Оның біздің қорымызда үлкенді-кішілі 1200 туындысы бар, – дейді Балнұр Сембайқызы.
Таразды сурет тілінде сөйлеткен Брюмердің өмірімен, шығармашылығымен осылай таныстық. Бұдан бөлек мұнда Гобелен сақтау қоры мен зертхана орналасқан. Ол іспен арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары қорларын қамтамасыз ету бөлімі айналысады екен.
Нысанның екінші қабатында қалпына келтіру шеберханасы, жұмыс кабинеттері орын алыпты. Сонымен қоса балаларды бейнелеу өнеріне баулитын «Бейнелеу өнері» үйірмесі ашылған. Бүгінде онда Виктория Кузминаның жетекшілігімен «Art Vicaso» балалар студиясы жұмыс жасап жатыр. Онда бас-аяғы 25 бала өз шеберліктерін шыңдаумен айналысуда. Бұдан бөлек жұртшылық ол жерден бала қиялымен ұштасқан жасөспірімдер қолынан шыққан жарқын бояулардың сырына қаныға алады.
– Менің көркем сурет өнеріне деген құрметім осы нысанға бас сұққан кезде арта түсті. Өйткені мұнда қойылған картиналардың мазмұны терең, әр туындыда өзіндік сыр бар. Әсіресе еліміздің, туған өлкеміз бен Тараз қаласының тарихына картиналар арқылы да қанығуға болатынына көз жеткіздім. Шынымды айтсам, халқымыздың мәдени және тарихи байлығынан сыр шертетін, тұмса табиғатын көз алдыңа тоса қоятын, жекелеген тұлғалардың да образдары бейнеленген осындай құнды дүниелердің өзімізде бұрыннан бар екенін білмеппін. Бүгін отбасымызбен осы кешенді аралауға келгенбіз. Осындай кереметтерді тамашалау үшін алынатын ақы да қалтаға айтарлықтай салмақ салмайды. Мәселен үлкендер үшін бар болғаны 250 теңге, балалар үшін 100 теңге төлеп, тарихи-өлкетану музейін аралап, кәсіби суретшілердің қолынан шыққан туындылардың еңбегіне тәнті болудамыз. Мен осы галереядан қазақ елінің тарихы мен болашағы ұштасқан туындыларды көрдім. Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуіміз облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің еңбегі деп білемін, – дейді қала тұрғыны Ғалымжан Ниязбеков.
Жалпы Таразды, Жамбыл өңірін осы «Көне-Тараз», «Тектұрмас» этно-тарихи кешендері секілді айтулы нысандар түбінде жаңа қырынан танытатыны даусыз. Өйткені, елімізді бұрын шетелдіктер экономикалық және саяси тұрғыдан ғана біліп келсе, енді өркениетті мәдениеті қалыптасқан мемлекет ретінде де жете тануына үлкен жол ашылып отыр. Бастысы, осындай татымды тірліктер жасау арқылы біз Тараз қаласының туристік кластерінің дамуына да өлшеусіз үлес қосатынымыз анық.
Нұрым Сырғабаев