Хош, қазақтың Шерханы!

Қамыға күрсінген Әулиеата өңірі мен Алматы аспаны ғана емес, қаламгер Шерханынан, қайраткер Шерханынан көз жазып, көкірегі қарс айырылған қалың қазақ халқы  бұл ауыр қазаның қайғысынан қалай жұбанбақ?!.

Жерінің құнарлы топырағы талай таланттар мен тұлғаларды туғызған қасиетті, киелі өлкеден  сан мыңдаған айтулы азаматтарды дүниеге келтірген дархандығымен дараланатын Жамбылым   қара орман халқының жасампаз атын жақсылықтарымен жайып, әлемге  мәшһүр     еткен  үстем  мерейлі  қыздары мен марғасқа ұлдарын орынды мақтан етуші еді. Ал арыстандай айбынды, қар барысындай айбарлы, азулы Шерханын талай рет жыртылып жатқан көңіліне жамау, сөнгелі  жатқан үмітіне медеу, құлағалы тұрған сеніміне қамал,  қазіргі шағына қорған, келешегіне пана тұтты.

Жаңа жыл қарсаңында, желтоқсан айында ғана, сырқаттанып, төсек тартып жатқан әдебиетіміздің алыбының көңілін сұрап,  жерлестерінің бауырлық сезімі мен сағынышты сәлемін арқалап көне Тараздан Алматы төріне сапарлап қайтқанбыз.

  Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов бастап апарған біздер —  Жамбыл облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер-драматург Елен Әлімжанұлы, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-Бас редакторы Бекет Момынқұлов, тарихшы-археолог, өлкетанушы ғалым Сауран Қалиев пен  жуалылық кәсіпкер Нұржігіт Бегалы және осы жолдардың авторы, яғни – мен, барлығымыз  қазақтың Шерханымен қуана қауышып, ел тілегін жеткізіп ек. Үнемі қасынан табылып, перзенттік парызына адалдық көрсетіп жүрген  Батыржандай ұлына сүйсінгенбіз.   Отты жанары өжет әкесіне тартқан Шер-Ағамыздың аяулы қызы Алма әкпеміз де толқыған көңілімен ризашылығын білдіріп, ауылдастарына аппақ тілегін арнап, дұғай-дұғай сәлемін жолдаған.  Бұдан  бірнеше жылдар бұрын «Ақындығың Алатаудай асқақтап, өнерің Тянь-Шань тауындай биікке өрлесін!» деп маған қылаусыз аппақ батасын берген Шерхан Мұртазадай абыз адамның, абыз ағамның қоштасарда ұсынған оң қолымды ұзағырақ ұстап, «Аман-сау болыңдар!» дегені елінің амандығын, жұртының тыныштығын сақтап, бейбіт  заманның бесігін тербеткен халқын Жаратқан Иемізге аманаттағаны деп ұққам.

Бірақ, бүгін сол аяулы жанның  бәрімізді қиып, бақиға аттанып кете барғанын естігенде езіле егілген жүрегімнің көз жасын  тоқтата алмадым.

Бақыл бол, ағатайым! Хош, Шер-Ағам!

Сенің мәңгі бақилық өмірің басталды.

Ал бұ дүниелік жұртыңа  орның енді үңірейіп, ойсырап тұратыны өкінішті…

Үміт БИТЕНОВА, ақын

Comments (0)
Add Comment