Киелі Әулиеата өңірі республика бойынша химия өнеркәсібінде көшбасшы саналады. Шынында да, біздің облыс еліміздегі химия өнеркәсібі өнімінің 30 пайызын береді. Ал, жыл басынан бері жергілікті химиялық кәсіпорындарда өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға ұлғайған.
Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған мәліметтер жыл басынан бергі 8 айда республикадағы химиялық өндіріс ошақтары 248,3 миллиард теңгенің өнімін өндіргенін айғақтайды. Нәтижесінде химиялық кәсіпорындардың өнімділігі 18 пайызға артқан. Бұл орайда, облыстағы салалық өндіріс ошақтары 76 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Өңірдегі алпауыт кәсіпорындар 8 айда өндіріс көлемін 39,2 пайызға арттыруға қол жеткізген.
Аймақта соңғы жылдары химия өнеркәсібі тың қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, өз өнімдерімен алыс-жақын шетелдердің нарығын қамтамасыз етіп отырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі табыс тайқазанын тасытуда.
– «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты кәсіпорындарда соңғы 8 жыл ішінде өндіріс көлемінің өсуі байқалады. Оны салаға салынған инвестиция көлемінің артуымен байланыстыруға болады. Сондай-ақ, Қаратау қойнауында өнеркәсіпке қажетті шикізаттың мол қорының болуы да өнімділіктің артуына өз септігін тигізуде. Серіктестікке қарасты кәсіпорындармен өткен жылы кен игеру, химия өнеркәсібі салаларында 90 миллиард теңгеге жуық өнім өндірілді. Ал, биыл бұл көрсеткішті 110-120 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр, – дейді серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров.
Шынболат Күзекбаев