Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болады — Нұрсұлтан Назарбаев

«Біз аспаннан салбырап түскен жоқпыз. 1991 жылы Тәуелсіздік алсақ та, біздің үлкен әрі терең тарихымыз бар. Сол себепті сендерге «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламды ұсындым. Ағылшындар Артур королі туралы айтады. Қытайдың 5 мың жылдық тарихы бар дейді. Біздің де тарихымыз бар. Соны жалғастырып жатқан ұрпақпыз. Жастар өз тарихын айта білуі керек. Ғұндар бар. Одан кейінгі ата-бабамыз — көне түркілер. Біз — солардың ұрпағымыз. Көне түркілер Алтай мен Қара теңіздің арасын алып отырған. Ал Атилла — біздің қыпшақ. Біз — сол батыр бабаның ұрпағымыз. Соны білуіміз керек», — деді Н.Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде.

Президенттің айтуынша, жастар өз тарихын мақтан тұтуы қажет. Себебі көшпелілер де әлем өркениеті мен мәдениетіне өз үлесін қосты. Ал осы көшпелілердің ұрпағы — қазіргі жастар өз елін жоғары биіктерге жеткізе алады деген нық сенім бар.

«Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болады деп ойлаймын. Біз текке жұмыс істеген жоқпыз. Біз дұрыс ұрпақты тәрбиелей алдық деген сенімдемін. Еліміздің болашағы үшін алаңдамаймыз. Сендер Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына шығара аласыздар», — деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі жиында Президент ауылға барған жастардың жәрдемақысын көбейтуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығын жеткізді.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment