Қазақстандық автоөндірушілер 9 айда 21 мыңнан астам жеңіл көлік шығарды

Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда жеңіл автокөліктердің өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 83,4 пайызға артқан.

Отандық автоөндірушілердің тамыз айында қарқыны бәсеңдегенімен, қыркүйекте жұмысы қайта жанданып, 3244 техниканы (тамыздан қарағанда 1025-ке артық) жасап шығарған.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың 9 айының ішінде барлық тип бойынша 22 709 көлік құралы құрастырылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 71 пайызға артық. Ол кезде Қазақстан бойынша 13 312 дана көлік құрастырылып шығарылған еді. Негізінен өсім жеңіл авокөліктердің еншісінде болды.

«Биыл 21 137 жеңіл автокөлік (+83%), 802 ауыр жүк көлігі (-17%), 388 тіркеме мен жартылай тіркеме (+131%), 231 автобус (-48%) және 151 өзге де арнайы техникалар (+0%) шығарылған. Алдын ала мәлімет бойынша, қостанайлық «СарыаркаАвтоПром» компаниясының өсімі 109 пайызды көрсетіп отыр. Аталмыш компания 9 айдың ішінде 7 941 дана жеңіл автокөлік, ауыр жүк көлігі мен автобус құрастырған. Өскемендік «Азия Автоның» еншісінде — 13 365 авто (+64%). Ал көкшетаулың «КАМАЗ Инжиниринг» 440 ауыр жүк көлігін, семейлік СемАЗ 206 ауыр жүк көлігін, алматылық Hyundai Trans Auto 188 техника шығарса, Daewoo Bus есебінде -106 автобус», — делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қазақстан автобизнес қауымдастығы автобус, комбайн мен тракторларды шығару үшін 26 млрд теңге бөлінгелі отырғаны хабарланған болатын.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment