Қазақстанда 100 жаңа фермер жобасы жүзеге асырылады

Қазақстанда 100 жаңа фермер жобасы жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Astana Agroforum-2018  республикалық кеңесінде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын таныстырған ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов айтты.

Оның айтуынша, аталған арнайы жоба аясында 100 жаңа ферма құру көзделіп отыр.

«Біз кепкісі шаң, қолы май-май емес, бірнеше тілді жетік білетін, жоғары білім алған, соған қарамастан ауылдық жерде еңбек етіп, табыс табатын жастардың әлеуетін ашуымыз керек», — деді ол.

Сонымен қатар, Сәкен Қалқаманов телеарналарда прайм-тайм уақытында агроөнеркәсіп тақырыбында ток-шоу ұйымдастыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, министрдің кеңесшісі ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында 44 мың адам ауылдан қалаға қоныс аударғанын айтқан болатын.

«Ауыл мектебін бітіретін түлектер арасында «ауыл өмірінің келешегі жоқ» деген түсінік басым. Оларды қалалар қызықтырады. Бірақ, ол жақта ешкім де күтіп тұрған жоқ. Бұл түсініктен арылту үшін ауыл өмірін қаладан кем қылмайтындай жүйелі әрі салааралық әдіс керек. Өкінішке қарай, жастар бүгінде жаңа әрі прогрессивті отандық ауыл шаруашылығының шынайы өсім нүктесін көрмей отыр», — деді ол.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment