Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан шет мемлекеттерге экспортталған ет көлемі 15 мың тоннаға жетеді.
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Astana Agroforum-2018 республикалық кеңесінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ет бағдарламасына сәйкес мақсатымыз — зәкірлік кооперациялар жүйесін және шамамен 100 мың шағын отбасылық ферма құру. Кооперация құрамында мал бордақылау алаңдары меен ет комбинаттары жұмыс істейтін болады. Ал сүт саласындағы мақсатымыз — алдағы бес жылда 1 млн тонна сүт өндіру. Мұнда да негізгі тетік ірі сүт-тауарлық компаниялармен жұмыс істейтін отбасылық сүт фермалары болмақ», — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл бағдарламалар өз жемісі беріп жатыр. Мәселен, 2017 жылы еліміз 5,5 мың тонна ірі қара мал етін экспортқа шығарса, осы жылдың 9 айында ғана экспортқа жөнелтілген ет көлемі 11 мың тоннадан асып жығылды.
«Біз жыл соңына дейін 15 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарамыз деп толық сеніммен айта аламыз», — деді Ө.Шөкеев.
Сонымен қатар ол еліміз алдағы бес жылда құс етін өндіруді 5 есе ұлғайты мақсатын алға қойып отырғанын айтты.
«Оған мүмкіншілік те бар. Мәселен, таяуда Макинскіде біздің өлшеммен өте үлкен саналатын, жылына 50 мың тонна құс өтін өндіретін фабриканы аштық», — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан Astana Agroforum-2018 республикалық кеңес қатысушыларына құттықтау жолдады.