Қазақстан нарығында ынтымақтастық үшін мол әлеует бар — АҚШ Сауда министрі

Бүгінде Қазақстанда 150-ден астам АҚШ компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан қазақстандық-америкалық бизнес форум барысында АҚШ Сауда министрі Уилбур Росс айтты.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда Американың 150-ден астам компаниясы жұмыс істейді және инвестиция көлемі шамамен 26 млрд доллардан асып жығылады. Егер біз оларға дұрыс жағдай жасай алсақ, онда бұл цифр айтарлықтай арта түсуі мүмкін», — деді ол.

Сонымен қатар, АҚШ Сауда министрі Қазақстанның бизнес жүргізуді жеңілдетуге бағытталған оң шаралар қабылдап жатқанын және бұл салада үлкен прогреске қол жеткізе алатынын баса айтты.

«Америкалық компания өкілдері Қазақстанға жаңа сауда ынтымақтастығы мен іскерлік байланыстар үшін қандай мүмкіншіліктер бар екенін көруге келіп отыр. Делегация құрамындағы кәсіпкерлердің көптігі ұлғайып келе жатқан қазақстандық нарықтың зор әлеуеті бар екенін білдіреді», — деді Уилбур Росс.

Айта кетейік, форум жұмысына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, 20-дан астам америкалық компания басшысы, қазақстандық бизнес өкілдері, министрліктер мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Шара аясында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, авиақұрылыс, цифрландыру және ақпараттық технологиялар салаларын қамтитын 8 екіжақты құжатқа қол қойылды.

Естеріңізге сала кетсек, АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс елімізге сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, сонымен бірге ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевпен экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment