Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария суының сапасын бірлесіп бақыламақ

Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзені суының сапасын бірлесіп бақылауға уағдаласты. Тіпті алдағы уақытта арнайы «Жол картасын» жасамақшы. Бұл туралы Ташкентте өткен қос елдің қоршаған ортаны қорғау және су сапасы жөніндегі бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысында айтылды. Басқосуда тараптар өзара тәжірибе алмасып, Орталық Азиядағы ең ірі өзен суының сапасын сақтап қалудың тиімді жолдарын қарастырды. Болашақта ортақ мониторинг жасалатын болды. Экологтар жалпы трансшекаралық өзен суының соңғы жылдары ластану деңгейі жоғарылағанын айтып отыр. «Сондықтан зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы ластаушы ошақтарды дер кезінде анықтауға болады», — дейді олар. Қазақстан жалпы Қытай, Ресей және Қырғыз ағайындармен ортақ бассейндегі су сапасын бақылау бойынша өзара мәмілеге келген. Яғни, ел аумағынан ағып өтетін тіршілік нәріне қандайда бір зиянды қалдық төгіле қалса, оның залалын бірлесіп жояды. Дәл осы жүйені Сырдария өзенінің сағасындағы елдермен де жасауды көздеп отыр. Өйткені Қазақстан өзеннің ең төменгі сағасында орналасқан. «Қалдық түпке шөгеді», — дейді экологтар. «Бұл жерде біраз ингредиенттер бойынша су сапасын дұрыстау керек. Сондықтан осы мәселені өзбекстандық әріптестерімізбен талқылап жатырмыз. Әрине, бұл мәселені біз Тәжік және Қырғыз республикаларымен бірлесіп тағы да талқылаймыз деп отырмыз. Себебі өздеріңіз білесіздер, өзен сол қырғыз және тәжік ағайындардан басталады. Сондықтан сол республикалармен осы мәселені басынан бастап бәріміз бірге талқылаймыз ба деген сұрақты да көтеріп отырмыз»,- деп атап өтті ҚР энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment