Қант қат дүниеге айналмайды

Қоңыраулатқан қоңыр күз ортасынан ауа елімізде қанттың «хикаясы» басталады. Дүкен сөрелерінен, қоймалардың түкпірінен тәттінің осы бір түрі ұшты-күйлі жоғалып, баға көкке шапшиды. Жыл сайын қайталанатын жыр осы. Қалай десеңіз де, бұл мәселенің бір ұшы тосап қайнату мезгілін тосып отыратын ынсабы аздау кәсіпкерлердің, алып-сатарлардың пиғылында жатқандай. Бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті билік тарапынан әр жылдары тиісті жұмыстар жүргізілгенімен, оң нәтижесін беріп жатыр дей алмаймыз. Ал, биылғы жағдай қандай болмақ? Қант тапшылығынан және бағаның шарықтауынан қарапайым халық тағы да қалтасынан қағылмай ма? Міне, осы сұрақтар төңірегінде облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына қайырылып, көпті алаңдатқан мәселенің анық-қанығына көз жеткіздік.

Соңғы жылдары өзімізде өндірілетін қанттың 3 пайызы ғана отандық шикізат – қант қызылшасынан әзірленетіні, қалғанының барлығы Латын Америкасы елдерінен, соның ішінде Бразилия мен Кубадан жеткізілетін қант құрағынан дайындалатыны баспасөз беттерінде жазылып жүр. Осы ретте, мамандар халыққа қажетті азық-түлік тауарларының әлемдегі нарық бағаларына да байланысты екенін, ал сырттан тасымалданатын тауар бағаларының жоғары болып келуі ішкі нарықтағы тұрақсыздықты туындататынын айтады. Яғни, қант бағасының шарықтауын сырттан келетін қант импортын азайта отырып, отандық қант өндірісіне жол ашу арқылы тежей аламыз.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жіті қадағалауымен бұл бағытта өңірімізде ілкімді істер атқарылып жатыр. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, аймақта қант қызылшасының егістік алқабын ұлғайтуға айрықша басымдық беріліп отыр. Мәселен, қант қызылшасы 2016 жылы 5600 гектарға, биыл 8400 гектарға егілген.
– Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласы бойынша басымдық беріп отырған бағытының бірі – қант қызылшасын өсіру және қант өндіру. Қазіргі таңда еліміздің тек қант қызылшасынан ғана құмшекер өндіруге мүмкіндігі бар. Себебі, қант қызылшасынан өнім алуға бірден-бір қажетті қант құрағы субтропикалық дақыл болғандықтан, елімізде өсуі мүмкін емес.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының мемлекет қолдауынсыз алға басуы қиын. Қуантатыны, жан-жақты көрсетіліп жатқан қолдау нәтижесінде бұл сала алшаң басып келеді. Мәселен, былтырғы жылы мемлекет тарапынан қант қызылшасының 1 тоннасына 10 000 теңге субсидия берілетін болса, биылғы жылы 12 000 теңгеге өсті. Ал, қант зауыттары 8 теңгеден қабылдайды. Яғни, диқан 10 тонна өнім өткізетін болса, 200 мың теңге табыс табады.
Одан бөлек, жоғары сапалы тыңайтқыш қолданбай, қызылшадан мол өнім алу мүмкін емес. Негізі қант қызылшасы топырақтан қоректі заттарды өте көп алып, жерді тоздырып жібереді. Орта есеппен бидайдың бір гектарына 120 келі тыңайтқыш пайдаланылатын болса, қант қызылшасының гектарына 400 келіге дейін беріледі. Ал, тыңайтқыштың бір келісі сапалылығы мен санатына қарай 70 теңгеден басталып, 200 теңгеге дейін жетеді. Бір гектарға тыңайтқыш алу үшін кемінде 70-80 мың теңге қажет. Мұның өзі таңнан қара кешке дейін бел жазбай жүрген диқандар қауымының қалтасына үлкен салмақ салады. Бұл ретте де ел билігі қол қусырып отырған жоқ. Сатып алған тыңайтқыш бағасының 50 пайызын мемлекет өтейді.
Сонымен қатар, тұқым мәселесін де ұмытуға болмайды. Облысымызда егіліп жатқан қант қызылшасының тұқымдары Германия және Франция мемлекеттерінен алынады. Тұқымның бағасы да арзан емес. Әр гектарға 75-80 мың теңгенің тұқымы кетеді. Тұқым мәселесінде де мемлекет тарапынан жер емген диқандарға 20-40 пайызға дейін қолдау көрсетіледі, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев.
Мемлекет тарапынан қолдау көп болғандықтан бүгінде қант қызылшасын өсіруге құлшына кіріскендердің қатары жыл санап артып келеді. Тиісінше, ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету көрсеткіші 3 пайыздан 10 пайызға жетіпті. Ал, Ерлан Елібайұлы алдағы бірнеше жылдың көлемінде облыс тұрғандары тек өз өнімімізді тұтынатынын, бұл мақсатта нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.
– Ағымдағы жылы облыстағы қант қызылшасы егілген 8400 гектар алқаптан 230 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Әрине, жиналған өнімнің барлығын кәдеге жарату мүмкін емес. Қант зауыттары 230 мың тоннаның 30 пайызын қабылдамауы мүмкін. Егер жиналған өнімнің кемі 150 мың тоннасын қант зауыттары өңдесе, әр тоннасынан кемінде 12 пайыз құмшекер алынып, барлығы 18 мың тоннаны құрайды. Ал, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста 1 115 000 мың тұрғын бар. Орталық медициналық нормамен бір адам жылына 18 келі құмшекер тұтынады. Яғни, бізге әлі де 2 000 тонна қант керек. Ал, әзірге өңір тұрғындарын өз өнімімізбен 90 пайызға қамтамасыз ете аламыз.
Қазіргі таңда Алматы және Жамбыл облыстары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе тұжырымдама әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта аталған құжат негізінде Солтүстік Қазақстан облысында да қант қызылшасын өсіру қолға алынбақ. Себебі, Кеңес үкіметінің кезінде еліміздің Солтүстік, Шығыс аймақтарында да қант қызылшасы егіліп, нәтижесінде ішкі қажеттіліктің 25 пайызын қамтитын. Егер тұжырымдамаға сәйкес, жоспарлы жұмыстар жемісін беріп жатса, 2021-2023 жылдары қантпен ел тұрғындарын 40-50 пайызға қамти аламыз.
Сондай-ақ, алдағы уақытта облысымызда инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бірақ, әлі де нақты емес. Негізінде 2021 жылға қарай Шу ауданында қант зауытын салу жоспарланып отыр. Егер зауыт іске қосылып, тиісті жұмыстар жүргізілсе 2023 жылға қарай облысымызды 130-150 пайызға дейін өз өнімімізбен қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз бар, – дейді Е. Құлкеев.
Ерлан Елібайұлының айтуынша, облысымызда қант қызылшасын жинау 25 қыркүйектен басталып, бүгінгі күнге 730 гектардай жер қамтылып үлгерген. Жалпы түсімі – 32 мың тонна. Қазіргі таңда 30 мың тоннасы қант зауытына жеткізілген. Бұл жоспарланған 150 тоннаның 20 пайызы деген сөз.
Демек, биыл облысымызда қант тапшылығы сезіле қоймайды. Баға да негізсіз көтерілмейді. Тіпті, өзімізге жеткені былай тұрсын, өнімімізді шетел асыратын күн де алыс емес тәрізді. Ең маңыздысы, басталған толайым тірлік орта жолда тоқтап қалмаса игі.

Талғат НҰРХАНОВ

Comments (0)
Add Comment