«Еуропа қалаларында кітапханалар тәулік бойы жұмыс істейді»

Жастар – егемен елдің ертеңі. Олардың заман талабына сай білім алуына, маман болып қалыптасуына лайықты жағдай жасауды мемлекет болашағына салынған инвестиция ретінде қабылдағанымыз жөн. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, шетел асқан жастар қоғам дамуына әлемдік өркениеттің озық үлгілерін ала келмек. «Батыс көрген» өрендердің ой-өрісіне, дүниетанымына еуропалық білім беру жүйесінің ықпалы қандай? Өркениетті елдердің даму жолындағы озық тәжірибелерді санасына құйған жастардың қазақ қоғамына сіңірер еңбегі қандай болмақ? «Жастар және саясат» айдарының бүгінгі кейіпкері, Литваның Каунас техникалық университетінде білімін жетілдірген Шыңғыс Айтжанмен болған әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Шыңғыс, магистратураны академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелде оқып келген жастардың бірісіз. Жоғары оқу орнынан кейін жүзеге асатын аталмыш бағдарлама бойынша білім алушыларға қандай талап қойылады?
– М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен жоғары білім алған соң, өзімді ғылым жолына шындап арнағым келді. Ол үшін магистратураны тәмамдау керек. Ұзақ уақыт ойлана келе, жоғары оқу орнынан кейінгі білімді «Электроэнергетика» мамандығы бойынша жалғастыруға шешім қабылдадым. Өйткені, бұл мамандық еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Тіпті, ТарМУ-дың академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша байланыс орнатқан шетелдік оқу орындарында дәл осы мамандық бойынша толыққанды білім алуға болатынын білгенде өз шешімімнің дұрыстығына көзім анық жетті.
Әлбетте, шетелде білім алуға ниетті жастарға қойылатын басты талап шет тілін жетік білу. Тіл меңгеру деңгейін анықтайтын сынақтан өтіп, тиісті құжаттарды тапсырдым. Көп ұзамай Литваның Каунас қаласындағы Каунас техникалық университетінен шақырту түсті. Міне, осылай білдей бір жоғары оқу орнының білімгері атандым.
– Магистрлерге білім берудегі литвалық тәжірибенің өзгешелігі неде?
– Ол жақта білім алушыларға өте жоғары талаптар қойылады. Оқытушылар студенттер мен магистрлердің сылтауына құлақ аспайды. Есесіне жан-жақты ізденісті талап етеді. Университет білім берудің электронды жүйесіне әлдеқашан көшкен. Студенттерде электронды базаны пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы нөмірі мен паролі болады. Сол арқылы олар сабақ, емтихан тапсыру кестесін көре алады. Тіпті, қажетті оқулықтардың электронды нұсқасы да студенттерге кез келген уақытта қолжетімді.
Оқу ордасының материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі де өте жоғары. Әсіресе, теориямен тәжірибені қатар ұштастыруға қолайлы жағдай жасалған.
– Өзіміз жиі сөз ететін «батыс мәдениеті» жайында не айта аласыз?
– Еуропалық мәдениеттің басты ерекшелігі, ұқыптылық пен нақтылық деп айтуға болады. Батыс жастары уақытты тиімді пайдалануға бейімделген. Сабақ оқу, көңіл көтеру барлығы да өз орнымен. Сондай-ақ, еуропалық өрендер адам үшін ең қажетті нәрсе білім екенін жете сезінеді. Сондықтан болар, олар кез келген жаста білім алуға ұмтылады.
– Сіздің ойыңызша, біз еуропалық білім беру жүйесіндегі қандай тәжірибені үйренуіміз керек?
– Еуропа қалаларындағы басты ерекшелік деп кітапханалардың тәулік бойы жұмыс жасауын атап өтуге болады. Сондай-ақ, кішірігім ғана тарихи орынды әлемге әйгілі ету еуропалықтардың ғана қолынан келетін шығар. Белгілі бір деңгейде қонақжайлылығы да басым.
– Көп жағдайда шетелде оқыған бірен-саран жастар сонда қалып кетіп жатады. Сізде ондай ой болмады ма?
– Қазақта «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген даналық сөз бар. Менің шетелге аттанудағы негізгі мақсатым ағылшын тілін меңгеру болды. Ол мақсатыма толық жете алдым. Сондай-ақ SCADA, MATLAB курстарын меңгердім. Бұл курстар математикалық модельдеу, өндірісті басқару салаларында көп кәдеге жарайды.
Бір сөзбен айтқанда, жарты жыл ішінде өзіме қажетті дүниелерді меңгеріп шықтым. Алдағы уақытта шетелде жинаған тәжірибемді өз елімде пайдаланғым келеді.
– М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың белсенді студенті болдыңыз. Тіпті, жылдың үздік студенті атандыңыз. Осы орайда, университет табалдырығын жаңадан аттаған студенттерге қандай ақыл-кеңес айта аласыз?
– Студенттік жылдар – адам өмірінің ең қызықты шақтарының бірі. Дегенмен, білімгер өз уақытын тиімді пайдалана білуі керек. Жалпы, қоғамдық өмірде белсенді болған жақсы. Алайда, студент үшін басты нәрсе білім екенін әсте естен шығаруға болмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назерке ТӨЛЕН

Comments (0)
Add Comment