«Қыстың қамын жаз ойла» дейді халық даналығы. Биыл осы мезгілде пішен мен жоңышқаны қуаңшылық жайлаған көрші облыстың шаруалары тасып әкетіп жатқандықтан, шөптің бағасы аспандап шыға келгенін «АRAI» газеті мәселе етіп көтерген еді. Сол кездері әрбір аудан алдымен өзіне жеткілікті жем-шөп қорын дайындап алуға кіріскенін уақытында айтқанбыз. Десе де, өңір шаруалары алдағы қыстан қысылмай шығуға дайын ба? Себебі, «кәрі құданың» есік қағып, төрге озатын уақыты шындап жақындай түсті. Қыс қысып кеп бергенде әзірленген жем-шөп қоры жетпей жатса, шаруа атаулының шатқаяқтап шыға келетіні анық. Бұған облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы не уәж айтар екен? Біз осы мәселеге зер салған едік.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл 6 мың 696 түйе, 121 мың 873 жылқы, 394 мың 967 сиыр, 3 миллион 39 мың 250 уақ мал қыстатылады екен. Оған 12 мың 165 шошқа мен 1 миллион 347 мың 381 бас құсты қосыңыз. Жалпы, төрт түлікті шашау шығармай, қыстан аман алып шығу үшін 1 миллион 501 700 тонна пішен дайындалған. Нәтижесінде қажеттілік 107,1 пайызға орындалыпты.
– Биыл жауын-шашын мол болғандықтан, шөп бітік шықты. Соның арқасында мал азығын дайындау ісінде еш қиындық туған жоқ. Барлық аудан өздеріне жетерлік жем-шөп қорын дайындап алды. Мәселен, аудандар 109 мың 900 тонна сабан жинау керек болса, ол 120 мың 400 тонна көлемінде әзірленіп, меже асыра орындалды. Қыстаудағы мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға 467 мың 400 тонна көлемінде құнарлы жем азығы қажет етілсе, дәндік жүгеріні есептегенде 325 мың 400 тонна дәнді дақыл жиналып, қажеттілік 69,6 пайызға орындалды. Десе де, құнарлы мал азығына деген сұранысты қанағаттандыру мақсатында облыс жылдағы тәжірибе бойынша, нарықтағы кәсіпкерлерден немесе Солтүстік Қазақстаннан 126 мың 100 мың тонна жем сатып алуды көздеп отыр.
Түліктердің ішінде қыстатылатын әрбір шартты малға 26,3 центнер азық дайындалды. Жалпы, дайындалған ірі сабақты және сулы азықтың құрамында 44,4 мың тонна пішендеме, 56,1 мың тонна сүрлем бар. Ағымдағы жылы ірі сүт тауарлы фермаларының негізгі бөлігі орналасқан Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай және Шу аудандарында мал азығының пішендеме (сенаж) және сүрлем (силос) түрлері ойдағыдай дайындалды, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сражаддин Сүлейменов.
Білгеніміздей, Шу ауданы төрт-түлік малды қыстату үшін 140 мың 500 тонна шөп дайындаған. Сонымен қатар, масақты дақылдардан 11 мың 390 тонна сабан, 5 мың тонна сүрлем, 6 мың пішендеме дайындапты. Жалпы, мал азығы шаруа қожалықтардың қора-жайларына қажетіне қарай тегіс жеткізіліпті.
Облыс орталығына тиіп тұрған ауданның бірі – Байзақ. Мұнда барлығы 237 қыстау бар болса, оның 125-і шалғайда орналасқан көрінеді. Онда 80 мың қой, 250 түйе, 2 мың 500 жылқы, 9 мың мүйізді ірі қара қыстатылу үстінде. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков 175 мың 400 тонна көпжылдық шөп, 3 мың 600 тонна пішен, 14 мың 500 тонна сабан, 4 мың 800 тонна сүрлем, 26 мың 800 тонна құнарлы жем әзірленгенін айтады.
– Әр қыстауда 85-90 тоннадан артық пішен шөп жиналған. Ауданда жем-шөп тапшылығы мәселе болған емес. Өйткені, құнарлы жем сататын 6 бірдей дүкен жұмыс істеп тұр.
Малшылардың үйі мен қора-жайы толық жөндеуден өткен. Аудан көлемінде ветеринарлық шаралар жоспар бойынша өткізілуде. Жалпы, мал шаруашылығы жұқпалы аурудан таза. Қыстау маңында малды сумен камтамасыз ету жағдайлары толық жасалған. Әр баздың қасында артезиан құдықтар мен шағын көлдер бар. Мал қыстату науқаны бойынша аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылып, оның құрамына аудан әкімдігінің бас инспекторы, ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары, ауылдық округ әкімдері мен мал дәрігерлері, аудандық аурухана дәрігерлері енді. Алда-жалда мал қыстату барысында төтенше жағдайлар орын ала қалса, қожалық иелері арқылы пайдаланылатын техникалар да жеткілікті, – дейді ол.
Бұл аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі- «Агали» шаруа қожалығы. Оның иесі Нәби Агалиевтың айтуынша, қожалықтағы 450 бас сиырдың 300-і буаз. Қалғаны тана-торпақ. Табын-табын сиыр мен аздаған жылқы және уақ мал үшін 30 мың түк жоңышқа мен сабан, 1 жарым мың тонна пішендеме, 300 тонна жүгері, 200 тонна арпа дайындалыпты. Жалпы, мал азығын қожалық иелігіндегі 450 гектар суармалы жерден дайындайды екен.
Аталған аудандағы Аққия ауылының тұрғыны Сенбек Байдуанов жаздағы бағаға қарағанда жем-шөптің құны біршама көтерілгенін айтады.
– Негізінде, ауылда отырған соң, ата кәсіптен қол үзу мүмкін емес. Азды-көпті 200-ден астам уақ мал мен бір үйір ғана жылқы ұстаймын. Жылда иелігімдегі 13 гектардың 6 гектарына арпа, қалғанына жоңышқа егіп, жем-шөпті өз күшіммен дайындап аламын. Жинаған 2 мың түк жоңышқам мен 10 тонна арпа қыстан шығуыма емін-еркін жетеді. Әйтсе де, шаруа баққан ауыл адамы болған соң жем-жөптің бағасын әр кез бажайлап жүретініміз бар. Осы жазда 400-500 теңге аралығында саудаланған бір түк жоңышқаның құны қазір 600-700 теңгеге көтерілді. 1 келі бидай 60 теңге болса, арпа 55 теңгеден. Жүгері 70 теңге болса, кебек 35 теңгеден саудалануда. Егер ел жем-шөбін жазда дайындап алған болса, оның құны осылай бірден 20 пайызға дейін көтерілмес еді ғой, – дейді ол.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ