Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан «Әуелі экономика, сонан соң саясат» қағидасын ұстанған еліміз сол тұстағы терең тоқырауды көп уақыт өтпей-ақ еңсере алды. Еңсеріп қана қоймай, дамудың даңғыл жолына түсті. Өндірісті өркендету, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын алға жетелеу, сол арқылы жұмыссыздықты жою бағытында түрлі бағдарламалар қабылданды. Инвестиция тартып, индустрияландыру көкжиегін кеңейтуге айрықша басымдық берілді. Жастардың кәсіптік-техникалық білім игеруі арқылы түрлі кәсіпорындарға жұмысқа тұруына жол ашылды.
Бұл тұрғыда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Баршаға арналған кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының берері мол. Мемлекет басшысы былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауында тегін оқытумен әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс екенін айтып, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға баса ден қоюды тапсырғаннан кейін, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар көптеп даярлана бастады. Соның арқасында қазіргі заманғы қажетті мамандар даярлау, олардың біліктілігін шыңдау ісі өңір-өңірде жүйелене түсті. Бұған жыл сайын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан азаматтарды қысқа мерзімді оқыту курстарынан өткізіп, оларды мейлінше тұрақты жұмысқа орналастыру бағытында атқарылып жатқан шаруалар дәлел бола алады.
Аталған басқарманың бас маманы Жайық Қалқабаевтың айтуынша, биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 4 100 адамды қамту үшін 735 миллион теңге бөлінген екен. Оларды жыл басында нақты қандай мамандықтар бойынша оқыту қажеттігін саралау үшін әр ауданнан өтінімдер сұратылған. Нәтижесінде аспаз, мал дәрігері, электр-газ дәнекерлеуші, тігінші, автокөлік жөндеуші, тракторист-машинист, мектеп лобаранты, сылақшы-әрлеуші, референт-хатшы, металл құрастыру слесары, малдәрігерлік лаборанты секілді бас-аяғы 47 мамандық таңдап алынған. Осылайша, жұртшылықты қысқа мерзімді оқыту курстарынан өткізу үшін облыстағы 41 білім беру ұйымдарына 3 334 адам жолданған. Бүгінде 1 510 адам оқуын аяқтап, оның 319-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл ел-жұрттың кәсіптік білім игеріп, өз күнін өзі көруіне әжептеуір көмек болып отырғаны сөзсіз.
Бірақ, бір айта кетер жайт, қазіргідей цифрландыру дәуірі күнделікті өмірімізге сыналап еніп жатқан жаңа тұрпаттағы заманда түрлі өндіріс орындарына радиотехника, робототехника, ақпараттық жүйе, басқаруды автоматтандыру мамандарының жетіспеушілігі айқын сезілуде. Сонымен қатар жеміс, көкөніс, балық шаруашылығы, ет-сүт өнімдерін қайта өңдеу ісі секілді аграрлық салаға тән техникалық мамандықтардың тапшылығы да күннен-күнге арта түсуде.
Мәселен, «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Әбдіғали Бегімбетов сүт және сүт өнімдерін өндіруде қайта өңдеуші кәсіпорындарға технолог, инженер-технолог, биотехнолог, лаборант қажет екенін, алайда, мұндай мамандық иелерін әзірге өңірде ешқандай оқу орнының дайындамайтынын айтады. Оның сөзінше, осындай факторлар сүт өндірісін дамыту мен өңірдегі фермерлер санын арттыруды тежейді. Өңірдегі іскер азаматтардың нақ осы салаға қажетті мамандардың тапшылығын мәселе етіп көтеруі орынды-ақ.
Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірдегі өндіріс орындарының техникалық сала мамандарына деген сұранысы – 2 мың 532 орынды құрайды. Ал, ІТ саласы бойынша техник бағдарламашы, радиотехник, байланыс технигі, есептеуіш машина операторы секілді 1 мың 112 адам қажет. Аспазшы, шаштараз секілді қызмет көрсету саласында 826 маман жетіспейтін болса, ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандардың саны – 807. Осы тектес, медицина бойынша 749, химия саласына 221, білім жүйесіне 443 маман керек екен.
Міне, көзді ашып-жұмғанша кезекті оқу жылы да басталды. Дейтұрғанмен, техникалық мамандар даярлау мәселесі түпкілікті шешімін таба қойған жоқ.
Жалпы, 2018-2019 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 5 024 орын мемлекеттік білім тапсырысы бөлінсе, оның 3 299-ы, яғни, 65,6 пайызы – жұмысшы мамандар. Осы орайда, біз аграрлық салаға ауадай қажетті мамандықтарды даярлау неліктен әлі күнге дейін қолға алынбай отырғанын облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышевадан сұраған едік.
– Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру барысында өңірлік еңбек нарығының қажеттілігіне талдау жүргізіліп, 1 мың 453 жұмыс берушінің сұраныстары қаралды. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік білім беру тапсырысы ветеринария мамандығы бойынша 52, токарьлық іс 27, химиялық технология және өндіріс 52, IT саласында 42, теміржол саласында 36 пайызға артты. Жалпы, бұдан бұрын «Сүт өнімдерін өңдеу» мамандығы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде ашылған еді. Алайда, аталған мамандық колледждің бейініне жатпағандықтан, мемлекеттік тапсырыс берілмеді. Қазіргі таңда аталмыш колледжде 250 миллион 366 мың теңгеге заманауи үлгідегі қондырғылар алынып, осы оқу орнының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Сондай-ақ, бүгінде Құлан ауыл шаруашылығы колледжіне 176 миллион 123 мың теңге бөлініп, жаңа үлгідегі қондырғылар орнату мен жылыжай, малдәрігерлік клиника құрылысын салу ісі басталып кетті. Келешекте балық, сүт, ет өнімдері технологиялары бойынша мамандар дайындау Құлан ауыл шаруашылығы колледжінде жүзеге асырылмақшы. Қазіргі таңда аталмыш білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасын күшейту шараларын шұғыл қолға алудағы басты мақсат – осы, – дейді ол.
Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта колледждерге түсуге ұмтылған талапкерлер көбіне ІТ және қызмет көрсету салаларына тән мамандықтарға басымдық беретін көрінеді. Бұл қазіргідей инновациялық технология қарыштап дамыған заманның тудырған талабы екені анық. Десе де, экономика және инновация, ауыл шаруашылығы секілді асыраушы салалар да ұмыт қалмауы тиіс. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мамандарын бүгінгі заманға бейімдей отырып даярлау – ұтқырлықтың белгісі.
Осы орайда, бұрынғы Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы тәуелсіздік алған алғашқы жылдары «Құлан ауыл шаруашылығы колледжі» болып атауын өзгерткеннен кейін, бұл оқу орнының да құзіреті біршама кеңейді. Колледж директоры Жұмакүл Бүкірованың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, электр жабдықтарына қызмет көрсету электрмонтерінен бөлек, ауыл шаруашылығы саласының ветеринария, агрономия, зоотехника, фермер шаруашылығы, жеміс-көкөніс өсірушісі секілді мамандар даярлауға көңіл бөлінуде.
– Жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданға жасаған жұмыс сапарында Құлан ауыл шаруашылығы колледжінің жұмысымен танысып, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту және дамыту жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетоваға арнайы тапсырма берген еді. Соның арқасында биыл 184603,1 теңге қаражат бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда. Нақты айтқанда, ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, 2 жылыжай құрылуда. Келер жылы бөлінетін 470012,9 теңгеге №1 оқу корпусы мен асхана күрделі жөндеуден өткізілмекші. Арнайы пәндер дәрісханалары мен зертханалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, «Орман шаруашылығы», «Бал ара шаруашылығы», «Ет-сүт өнімдерін өңдейтін цехтар» мен жаңа мамандықтар ашылатын болды, – дейді Ж.Бүкірова.
Біз тілге тиек еткен негізгі мәселе – техникалық сала мен ауыл шаруашылығы мамандарының жетіспеушілігі. Байқауымызша, өңірде өте қажет саналатын кейбір мамандықтарды оқыту кеш те болса қолға алына бастады. Әрине, «Ештен кеш жақсы». Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жаз кезінде ғана емес, жыл он екі ай жүргізілуі тиіс. Сонда жастардың да болашаққа айқын мақсат құрып, пайдалы кәсіппен айналысуға қызығушылық таныта түсетіндігі сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ