Елбасы жас ғалымдарға бөлінетін гранттарды 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырды.

«Қазіргі таңда өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын білесіздер. Қоғамда түрлі бағыттар креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты. Сонымен бірге, жас ғалымдарға көмек көрсетудің маңызы зор. Біз «Болашақ» бағдарламасын бекіткеніміздің дұрыс болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біздің еліміз үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысы бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлемнің ең үздік ЖОО-ларына жолдап жаттық. Мемлекет әрбір жас үшін жыл сайын 30 мыңнан 50 мың АҚШ долларына дейін төлеп отырды. Міне, осы жолмен қазіргі таңда 14 мың жас өрен оқып, тағы да 20 мыңын ата-аналардың өзі жіберіп отыр. Олардың 12 мыңы қайтып келіп, біздің экономикаға жұмыс істеуде», — деді Мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

Елбасы өз сөзінде Назарбаев университетін тілге тиек ете келе ол оқу орнының түлектері білімін жетілдіру үшін әлемнің ең үздік ЖОО-ларында оқуын жалғастырып жатқанын айтып өтті.

«12 мың «Болашақ» түлегі, Назарбаев университетінің түлектері, КиМЭП — бәрі де қазірдің өзінде біздің елдің келешектегі элитасын құрып жатыр. Жас ғалымдарға өз идеясын шынайы жобаларға айналдыруда көмектесу керек. Өзім тура осы мәселемен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке осы жұмысты арнайы бақылауға кеңес беремін. Бұл процеске Назарбаев университеті де кіріседі. Осы мақсатта Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment